429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалық құс фабрикасы жабылуға мәжбүр

  • 161
  • UPD: 20:49, 15.10.2020
Арқалық құс фабрикасы жабылуға мәжбүр

Қазба байлығы сарқылып, онсыз да жұртты жұмыспен қамту қиындаған Арқалықта тағы 250 адам жұмыссыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осындағы құс фабрикасы жұмыскерлерін келер айдан бастап қысқартпақ.

Құстары қынадай қырылған кәсіпорынға мемлекеттің өтемақысы да толық бұйырмайтын түрі бар. Соның кесірінен кәсіпорын да жабылып қалудың аз-ақ алдында тұр.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Біз Арқалық құс фабрикасына таңсәріде жеттік. Оның аумағында ветеринарлар мен өзге сала мамандарын байқамадық. Ал кәсіпорынның індет ошағы саналғанына бір айға жуықтаған. Нысанға кіреберісте эпизотикаға карсы республикалық жасақтың өкілімен тілдесудің сәті түсті. Ұйым өлген құстарды жоюмен айналысады.

Сәрсенбай Мағзұм, Эпизотикаға қарсы республикалық жасақтың бас маманы:

- Дезинфекцияны біз бүгін бастауға да дайынбыз. 29-ынан бастап кірісіп кететін едік. Оған мына фабрика басшылары кіргізбеді.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Фабрика аумағы індеттен толық зарарсыздандырылмапты. Ең сорақысы, мына үйіліп жатқан 70 мыңдай тауықтың өлексесі әлі шығарылмаған. Комиссияның не себептен екені белгісіз, әйтеуір оларға акт жасамапты. Ал екі аптадан соң келгендері «тауықтардың өлексесі сынама алауға жарамсыз» деп уәж айтқан.

Жәмила Исмаилова, құс фабрикасының бас директоры:

- Кіріп жатыр ғой олар. Күніне 2-3 рет кіреді. Келеді, кетеді. Ештеңе шешпейді. Бір ай болды. Бізге жұмыс істеу керек қой күн жылыда.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Фабрика аумағында 16 құс қорасы бар. Вирус өршіген тұста олардың ішінде 502 мың тауық болған. Қазір олар бос тұр. Іші зарарсыздандырылып, қанаттылар жойылды.

Төрт күн бұрын құс қоралардың бірінде 40-мыңға жуық қанатты болған. Эпизотикаға қарсы республикалық жасақ оларды улап өлтіру шешімін шығарған. Бір қызығы, бұл әдісті ашық түрде жасапты.

Камиль Ахмиев, басқару компаниясы директорының бірінші орынбасары:

- Олар аммиак төгіп алды. Сөйтіп, төрт адам уланып қалды. Жедел жәрдем қызметін шақырттық. Үшеуіне сол жерде медициналық көмек жасалды. Төртіншісі Арқалық қалалық ауруханасына жатқызылды.

Арқалық құс фабрикасы жұмысын тоқтатады. Осындағы 250 адам қысқартуға кетітіні туралы хабарлама алған. Мұның зардабын бірінші кезекте осы жерде еңбек етіп, отбасын асырап жүрген қарапайым азаматтар тартаныны анық.

Саяділ Сарқытбай, құс фабрикасының қызметкері:

- Жақында үй алғанбыз ипотекаға. Енді соны қалай төлеймін білмеймін. Бір айдан кейін жұмыстан босаймыз. Қалада жұмыс жоқ.

Арқалықтағы тауықтардың қырылуын Ауыл шаруашылығы министрлігі де мойындайды. «Вирус қанаттылардың тек жартысын өлтірді» деген пікірде олар. Қалғандары басқа себеппен қырылған көрінеді.

Тұрсын Қабдолданов, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а.:

- Құстың басым бөлігі вирустан емес, тұншығып өлген. Фабрикада желдетудің болмауынан 256 мыңнан астам бас қырылып қалған. Бұл тауықтар үшін өтемақы қарастырылмайды.

Құс өсірушілер болса, министрліктің бұл пікірімен келіспейді. Желдеткіш істен шықпаған. Істеп тұрғанына көзіміз жетті. Бұдан бөлек, кәсіпорында электр таратушы екі қосалқы желі мен автономды жұмыс істейтін электр станциясы да бар.

Камиль Ахмиев, басқару компаниясы директорының бірінші орынбасары:

- 500-600 миллион теңге өтемақы алу мақсатында құстарды өз қолымызбен қалайша өлтіреміз? Бұл бізге жарты миллиард теңге шығын ғой. Тұншығып қырылды дегендері жалған. Оны дәлелдейтіндей еш құжат жоқ.

Басшыларының айтуынша, фабриканы қалпына келтіру үшін бір жыл уақыт, бір жарым миллиард теңге қаржы қажет. Егер өтемақы толық төленген жағдайда. Мұның сыртында тауық қора мен қоймаларда 2 млн жұмыртқа жатыр. Оларды өткізуге мүмкіндік жоқ.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы