428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында өз бетінше алтын қазатындар көбейген

  • 173
  • UPD: 21:16, 15.10.2020
Жамбыл облысында өз бетінше алтын қазатындар көбейген

Елде алтынды «өз күшімен» қазуға рұқсат бар.

Ол үшін арнаулы лицензия алу міндет. Бірақ Жамбыл облысында өз бетінше кен іздейтіндер көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірдегі Жамбыл тауының қойнауы шұрық тесік. Алтын іздегендер қазған жерлерін ашық күйде тастап кетеді. Біздің тілшілеріміз сол ымыртта бой тасалап кен қазып жатқандардың үстінен түсті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Заңсыз кен қазатындар Мойынқұм ауданында жиі кездеседі. Онда орналасқан Жамбыл тауының қойнауы алтынға бай. Оны мамандар да, жұрт та жақсы біледі. Қазір кейбіреулер кен қазу ісін көлеңкелі бизнеске айналдырып алған.

Жүздерін бетпердемен тұмшалаған жігіттер түсірілім тобын көріп, абдырап қалды. Алғашқыда бейнекамерадан тығылып, қашқақтағанымен әңгімелесе келе, сұхбат беруге келісті. Бірақ аты-жөнін айтудан бірден бас тартты. Айтуларынша, тәулік бойы еңбектенсе де, бірде-бір бағалы тас шығармаған. Олар жерді арнайы лицензиясыз қазу қылмыс екендігінен мүлдем бейхабар. Арасында келіп, алтын қазып тұратынын жасырмайды. Талай адам жауапқа тартылғанын да көрген. «Алайда күнкөріс үшін осындай әрекетке баруға мәжбүрміз», дейді олар.

Алтын іздеуші:

- Заңсыз қазып жатқан шығармыз. Білмеймін мен. Келеміз әйтеуір. Қазамыз, кетеміз. Заңды-заңсыз екенін білмейміз. Заңсыз дейді ғой әйтеуір. Заңдастырса дұрыс болар еді. Бұл да еңбекпен қазылып алынып жатқан нәрсе. Шашылып жатқан алтын жоқ қой жалпы.

Алтын іздеуші:

- Өстіп-өстіп тексеріп көреміз. Өзінің бір алтынның бір жүретін бір қара точкалары болады. Сол қара точкалары кездескен кезде бөлек жинай береміз ғой..

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, бұл алтын іздеушілердің қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан орын. Тасты 7-10 метр тереңдіктен мынадай арнайы құрылғының көмегімен шығарады. Ал үйіндінің астында қалмас үшін қолдан жасалған бөренелерді тіреп қойған. Кәдімгі жанкештілік. Титтей де бір қателік жіберсең, үйіндінің астында қалуың мүмкін. Өте қауіпті.

Бағалы кенді табу үшін жер астына түседі. Тәуекелге барады. Мына жігіттер «10-15 күн жатып тапқан табысымыз әр адамға 80-90 мың теңгеден айналады», дейді. Оның өзі сәтін салса. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бей-берекет қазбадан қазір Жамбыл тауының қойнауы шұрық тесікке айналған. Осыған қатысты 9 қылмыстық дерек анықталған. Жергілікті полиция қызметі айына бір рет рейдтік шаралар жүргізеді. Алайда бұл кен іздеушілерді тоқтатар емес.

Темірлан Әбдіраманов, мойынқұм аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы:

- Себебі экологияның құралдары анықтау тек қана жазық, кең көлемде алынған жерді ғана анықтайды. Ал, адамның қолмен қазған кішкентай жол ғып қазғандарын өлшей алмайды екен. Сол себептен қылмыстық істің құрамы болмауына байланысты әкімшілік іспен жауапқа тартып, құжаттарды жинап, экология департаментіне жолдаған болатынбыз.

Елімізде 2018 жылдан бері жер қойнауын пайдалану туралы заңға өзгеріс енгізілген. Бұл құжат алтынды заңды түрде қазуға мүмкіндік береді. Ол үшін әкімдіктен лицензия алуы керек. Ең басты талап – экологияға зиян келмеуі тиіс. Ол үшін кепілге 1 миллион теңге қаржы салу міндеттелген. Сонда жерді алып, үш метр тереңдікке дейін алтын қазуға болады.

Аслан Оразбеков, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Кен іздеушілік аумағында жарты текше метрден асатын ковш дейді. Күрегі бар эксковаторларды пайдалануға болмайды. Бульдозорлар немесе 10 тоннадан асатын жүк көліктерін пайдалануға болмайды. Сонымен қатар кен іздеушілік барысында азаматтар химиялық реактивтер пайдалануға рұқсат етілмейді және жарылғыш заттарды пайдалануға рұқсат етілмейді.

Жалпы Жамбыл облысы бойынша қазір 5 жерде кен іздеушілікпен айналысуға рұқсат етілген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы