432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаза болған полицейлердің отбасына 11 млн теңгеден материалдық көмек беріледі

  • 195
  • UPD: 09:19, 16.10.2020

Бүгін ай-күннің аманында Бурабай ауданында екі бірдей полицей бір мезетте қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қызмет бабымен түнгі патрульден қайтып келе жатқан екен. Екеуі де отыздың ішіндегі жас жігіттер. 

Таңғы сағат 07:00-ге таяған кез. Әдеттегідей патрульден келе жатқан полицейлер Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллинді ойламаған жерден Абылайхан және Сейфуллин көшелерінің қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне қарамай жүйткіп келе жатқан Lexus автокөлігі қағып кетеді. Ауыр жарақат алған қос қызметкер оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Руслан Мұсаев, облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:

- Мен бұл жігіттерді жұмысқа алғаш келген кезден бастап білемін. Екеуі де қызметті сержанттан бастаған. Содан 10 шақты жылдың ішінде капитан шеніне де жетті. Екеуінің де мінсіз қызметі үшін алған 20-дан астам марапаты бар. Ұжымда да зор құрметке ие болатын. Марқұмдардың туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Қызмет бабында қаза тапқан қос Қанаттың да артында қайғырып отбасылары қалды. Отарбаевтың 3 баласы бар болса, Хамидуллиннің 7 жасар ұлы мен аяғы ауыр әйелі қазір қайғыдан қан жұтып отыр. Ал, осы ауыр қазаға себепкер болған жүргізушіні жүгенсіз кеткен деп толық айтуға негіз бар. Себебі ол бұған дейін де жол ережесін өрескел бұзғаны үшін бірнеше рет істі болған екен.

Гүлнәр Пинчук, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Аталған оқиға бойынша жол апатына кінәлі Lexus автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол 25 жастағы Щучинск қаласының тұрғыны болып шықты. Ол бірнеше рет сотталған. Алғашында 2016 жылы жүргізуші куәлігінен айрылса, 2019 жылы куәліксіз және мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 340-бап бойынша жазаланған. Ал, енді оның үстінен 345-бапқа сай қылмыстық іс қозғалып, бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Аталған бап бойынша күдікті 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ облыстық полиция департаменті қызмет барысында мерт болған полицейлердің отбасына 11 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Жалпы тәуелсіздік жылдарында ақмолалық 25 тәртіп сақшысы қызмет барысында қаза тапқан.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы