428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Төрт жыл бойы құлдықта болған әйел Ресейге қайтады

  • 83
  • UPD: 08:29, 16.10.2020

Елімізде 4 жыл бойы құлдықта болған адам еліне қайтарылады. Ол Ресей азаматшасы. Бірнеше күннен бері елордадағы дағдарыс орталығының бақылауында. Медициналық және психологиялық көмек алып жатыр. Бірақ басты мәселе - ол ес-түсін білмейді. Қазақстанға не үшін келіп,қандай жағдайда құлдыққа түскенінен бейхабар.

2016 жылдан бері құлдыққа болған ресейлік Юлия Ергизова үшін қиындықтың көбі артта қалды. Елордадағы дағдарыс орталығының өкілдері оны Қарағандыдағы православ шіркеуінде құлдықтан қашып жүрген жерінен тапқан. Қазақстанға не үшін келгенін білмейді. Себебі ес-түсін жоғалтқан. 

Александра Харитоненкова, әлеуметтік қызметкер:

- Ол қазір біздің жанымызда. Келген кезінде мүлде сөйлеспейтін. Қай жақтан және кім екенін, жалпы қандай жағдайда құлдыққа түскенін біле алмадық. Сосын біраз уақыттан кейін бізбен сөйлесе бастады. Анықтала келе Қарағандыдағы фермалардың бірінде мәжбүрлі жұмыстарға салынып келгенін білдік. 

Кейіпкеріміздің бойын әлі де үрей билейді. Оны біздің түсіру тобымыз барған сәтте аңғардық. Бәт-әлпетін көрсетіп, тілдесуге қарсылық танытты. Орталық мамандары оның туған-туыстарын тапқан. Екі аптадан кейін еліне қайтармақ.

Анна Рыль, дағдарыс орталығының жетекшісі:

- Оның қолындағы төлқұжаты арқылы аты-жөні және 10 жылдан бері іздеуде жүргенін анықтадық. Ресейде анасы бар болып шықты. Жыл сайын полицияға арызданып, қызына іздеу салады екен. Ресейдің солтүстігіндегі шағын қалада тұрады. Қазақстанның миграциялық мәліметтері бойынша ол біздің елге 2016 жылы келіпті.

Юлия секілді Владимир де құлдық құрбандарының бірі. Өткен өмірін біледі, тек жеке басына қатысты құжаттары жоқ. Қазір қайта қалпына келтіріп жатыр. Айтыунша, Степногор қаласына жақын маңда, фермалардың бірінде мәжбүрлі түрде еңбек еткен.  

Владимир:

- Менің тағдырым Кеңес Одағы құлаған сәтте қиындады. Заполярье аймағында жұмыс істейтін едім. Әкем қайтыс болып, үйіме келдім. Өгей шешем үйді өз атына аударып, мені далада қалдырды. Сөйтіп жүргенде бір танысым екеуміз Қазақстанға жұмыс істеуге келдік. Жалдамалы жұмыстармен айналыстық. Кейін құжатымды жоғалтып алып, денсаулығым да нашарлады. Фермада жұмыс істеп, мал бағып, сиыр саууға мәжбүр болдым. Қожайын болса ақша төлемеді. Мәжбүрлі еңбекке салды.

Осылайша елімізде құлдық құрбандарының саны артып келеді. Әсіресе ауыл-аймақта көп. Мұндай жағдайда полиция жеке фермаларды аралап, тексеріс жүргізуге мүмкіндіктері аз.

Анна Рыль, дағдарыс орталығының жетекшісі:

- Үй-күйі жоқ адамдар біздің елде жиі құлдыққа түседі. Полицияға көбі арызданбайды. Қорқады, кез келген жағдайға келіседі. Менің ойымша, фермаларды түгел тексеріп, ондағы еңбек жағдайын мұқият зерделеу керек. Бірақ заң бойынша тағы болмайды. Кәсіпкерлікке кедергі деп, тексеріске тыйым салуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе төңірегінде басшылар жан-жақты ойлануы керек.

Жалпы елімізде 2005 жылдан бері мыңнан астам адам құлдықта болды. Бірақ бұл ресми дерек. Анығында көрсеткіш бірнеше есе көп болуы мүмкін. Мәселен, халықаралық тәуелсіз «Walk-Free» ұйымының мәліметі бойынша 2018 жылы Қазақстанда 75 мың адам мәжбүрлі әрі ақысыз еңбекке тартылған. Бұл тұрғыда еліміз Тәжікстан және Сингапур сынды елдермен бір қатарда. Сондықтан құқық қорғау органдары мен еңбекті қорғау мекемелері бұл мәселеге тиісті көңіл бөлуі қажет.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы