427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым хан қайда жерленген?

  • 228
  • UPD: 20:43, 16.10.2020

Атыраулық археологтар қазақтың ханы, тарихи тұлға Қасым ханның жерленген орнын анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

16-ғасырда өмір сүрген ұлы қолбасшының Сарайшықта хандық құрғаны тарихтан мәлім.

Ұлы Жібек жолындағы кіндік қала атанған Сарайшықтың ең гүлденгені тұсы Қасым хан есімімен байланысты. Заманында Алтын Орда мен ноғай Ордасының кейін қазақ хандығының астанасы болған көне шаһарды хандар пантионы деп те атайды. Мұнда 7 ханға ескерткіш тақта қойылған. Солардың бірі – Қасым хан.

Аумағы 3 шаршы шақырымды алып жатқан көне қорымда тылсым сыр жеткілікті. Бұл талай этнограф-ғалымдардың назарын аударып келді. 2006 жылғы қазба жұмыстары нәтижесінде алғашқы мазардың орны ашылған еді. Орта ғасырлық сәулет өнерінің жауһары саналған мазарды ғалымдар Ноғайлы билеушілеріне тиесілі дегенді айтады. Сол сәттен бастап археологтардың Сарайшыққа деген қызығушылығы артты. Бұған дейін Жайық өзені арнасының өзгеруіне байланысты көне шаһардың үштен екі бөлігі су астына кетті жорамал айтылып келген-ді. Былтыр атыраулық ғалымдар Санкт-Петербург қаласындағы архивтен Сарайшық қаласының көне сызбасын тапты. Ресейлік зерттеуші-ғалым Алексей Алексеев естелікпен қоса сызба қалдырған. Ол сызбада хан зираты анық көрсетіліпті.

Айбек Тұрарұлы, «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының археологы:

– Алексеевтің 1861 жылғы сызбасында осы жерде әулие-склеп деген белгі қойылған. Бұл жерден «Хан моласы» деген орынды келіп қарағаны айтылады. Оның еңселі кесене, күмбезі жабылған, үш жағында терезе, шығысында есігі бар екені айтылған. Деректерді негізге алатын болсақ, сондай қабырхана ашылып отыр.

Айтқандай, батыс өңірдегі қазақтың соңғы ханы Жәңгір хан Бөкейханұлы 1840 жылдары осы араға келіп, қазіргі «Хан моласы» аталатын жерді қоршатып, ұлы атасына белгі қойыпты. Өкінішке орай, ол белгі кейін жоғалып кеткен. Талай билеушіге тұрақ болған Сарайшық шаһарына шетелдің саяхатшыларын айтпағанда, қазақтан шыққан Мұхамбетжан Тынышпаев, Әлкей Марғұлан сынды ғұлама-ғалымдар арнайы ат басын бұрды.

Әбілсейіт Мұқтар, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Әлкей Марғұлан 1950 жылы Сарайшыққа келіп, алғашқы зерттеулерін жүргізді. Өкінішке орай, Әлкей Марғұлан осы Сарайшықтағы зерттеулерін аяқтай алмай кетті. Кейін табылған тарихи деректер Сарайшықта Қасым ханның жерленгенін толықтай айғақтайды. Бүгінде осы Қасым ханның жерленген орнын анықтау мақсатында экспедицияны қолға алдық. Алдағы уақытта толықтай өз нәтижесін береді деген ойдамыз. Бұл зерттеулерге алдағы уақытта белгілі антропологтарды, археологтарды, этнограф-ғалымдарды тартамыз.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Бүгінде археологтар Қасым хан зиратының құбыладан шығысқа қарай созылған 8 метрлік мына іргетасын қазып шығарып отыр. Бұл іргетас терістікке қарай тағы 8 метрге созылуы керек дегенді айтады. Ал ол кезде қазба жұмыстарына кейін қойылған мына молалар бөгет болуы мүмкін. Жалпы бұл арада толық-қанды зерттеу жүргізу үшін осындай 7-8 мүрдені басқа жерге жерлеуге тура келеді екен. Бұл да – қазіргі жұмысқа қолбайлау.

Келер жылы атыраулық археологтар мазар аумағын тазалау жұмыстарын бастамақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы