429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бағасы удай жем-шөптің сапасы сын көтермейді – жаңақалалықтар

  • 174
  • UPD: 21:50, 16.10.2020

Жаңақалада жем-шөп қымбат, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс Қазақстан облысындағы бұл өңірдің шаруа қожалықтарына да, жекелеген тұрғындарына да биылғы қыс оңай тимейін деп тұр. 

Ресми тіркелген 518 шаруа қожалығы негізінен мал басын асылдандыруға көшкен екен. Енді мал азығының қымбатшылығы біраз ағайынды уайымға салған.

Бақтығали Рамазанов – Жаңақала ауылының байырғы тұрғыны. Зейнеткер уақытының көп бөлігін осылай аулада жем-шөптің қамымен өткізеді. Өйткені, биыл ауылда бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Әзірге мал қырда. Бірақ күн суытқан кезде түлік біткеннің қолға қарайтыны рас. Ал бағасы удай қымбат шөптің сапасы сын көтермейді деп налиды қария. 

Бақтығали Рамазанов, Жаңақала ауылының тұрғыны:

– Бағасы көңілге қонымды емес. Неге десеңіз, бұрын 500 кг салмақ тартатын болса, қазір 200 кг дан аспайды. Сапасы тағы да шамалы.

Шөптің сиқы осындай болған соң биыл алғаш рет құрақ шаптым дейді ауыл тұрғыны. Айтуынша, табиғи дәрумендерге бай болған соң малдың күйіне оң әсер етеді екен. Дегенмен 70 мыңнан аса ірі қара мен 200 мыңдай қой-ешкісі бар аудан үшін жем-жөптен тарығу оңай емес. Мал азығын қамдау мәселесі ауданға қарасты шаруа қожалықтарының басым бөлігін қинайды. Жаңақала мен Көпжасар ауылының арасындағы Бірқазан көлі де биыл құрғап қалды. Осы араны жайлап отырған Темірлан Шамұратовтың шаруа қожалығы сүт пен қымыз өндірісін жолға қойған. Бірақ мал азығының аздығы кәсіпті дамытуға кедергі болып отыр.

Темірлан Шамұратов, шаруа қожалығының басшысы:

– Шөптің бағасы да қымбат, бастамада 10 мыңнан басқа аудандардан алдық. Шабындық жағы да қиын. Қырда шөп шығатын еді. Оны да биыл шаба алмай отырмыз, шықпаған соң. Былтырдан артық 30-40 пайыз малға жететіндей бар. Қалғанын малдың күйі келген соң көрші аудандардан алатын болармыз, жем де қымбат.

Мал азығын қамдау мәселесіне билік пен бұқара бірдей алаңдаулы. Аудандағы белсенді азаматтар шөп бағасын тұрақтандыру үшін нақты шаралар алу қажет деген пікірде.

Руслан Оразалиев, Жаңақала аудандық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Біздің ауданымызда шөп мәселесін шешу жолдарын іздестіру керек. Қыс та жақындап қалды. Шөптің негізгі өз бағасы – 2500 теңге. Біздің ауданға келіп, 8-9-10 мыңнан сатады. 5 мың теңгеден сатса да болады. Соны жергілікті билік те қарап, шешімін іздестіру керек, бағаны реттейтін мекемелер бар, солардың бәрі жұмыстану керек. Әйтпесе біздің биыл мал ұстауымыз қиын жағдайда тұр.

Светлана Бекқалиева, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Лиманда шөп жоқ болған соң шөп қымбат. Қымбат болғанда құмнан шөп әкеліп жатырмыз. Жаздай тасылмай қалды. Күз болған соң шығып жатыр. 6 мыңның шөбі бар ауданда. Жалпы басқа аудандардан 8 мыңға, шығырлау Қаратөбе, Сырым аудандарынан шөп келіп жатыр. Бізде тек қиналып жатқан 5 округ – Қызылоба, Бірлік, Пятимар, Меңдешгев, Жаңақаланың орталығы. Басқа округтардың ішінде шөп 4 мыңнан да болды. Енді қысқа байланысты бәрі. Қыс қатты болмаса, қыстан шығамыз деп үміттенеміз.

Биыл аудан бойынша 152 мың тонна шөп дайындалуы керек екен. Күні бүгін алдағы қысқа қажетті жем-жөптің 94 проценті жиналған. Дегенмен жем-шөп қорының басым бөлігін былтырдан қалған мал азығы құрап отырғаны рас дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы