432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулықтардың ұсыныстары партияның сайлауалды бағдарламасында ескеріледі – Б.Байбек

  • 149
Маңғыстаулықтардың ұсыныстары партияның сайлауалды бағдарламасында ескеріледі – Б.Байбек

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Маңғыстау облысына жасаған сапары аясында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Ақтау, Жаңаөзен қалаларында болып, бірқатар өндіріс ошақтарының жұмысшыларымен жүздесті. Облыстық онкологиялық орталықтың жаңа ғимаратында болды. Құрылысы 12 жылдан бері созылып келе жатқан бұл орталық Бауыржан Байбектің былтыр шілде айындағы сапарынан соң партиялық бақылауға алынған еді. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, қажетті жабдықтарды жеткізу таяу уақытта аяқталады. Сапар аясында партия төрағасының бірінші орынбасары праймеризге қатысушылармен кездесіп, облыстық сайлауалды бағдарламасының жобасын талқылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бұл құжатқа тұрғындардың ұсынысы енгізіледі. Жалпы Маңғыстаудан 770 ұсыныс жиналып, оның 411-і бағдарлама жобасына кірген. Өтініштерге көз жүгіртсек, тұрғындарды денсаулық сақтау мен білім, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету, қаланы 100% орталықтандырылған сумен қамту және басқа да мәселелер толғандырады. Сондай-ақ партия бағдарламасына өңірде тағы бір ірі газ өңдеу зауытын салу жобасы да енгізілген. 

Баян Байтұрғанова, праймеризге қатысушы:

– Кедергісіз аймақ болу керек дегендей, мен де елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін атсалысамын. «Nur Otan» партиясының праймеризге қатысуға ерекше мүмкіндік бергені үшін рақметімді айтамын.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Праймеризге түскен азаматтар – өз күшіне сенген азаматтар. Мен ойлаймын, оның өзі үлкен жетістік. Елбасы «Nur Otan» партиясы нақты істердің партиясы болатынын қадап айтты. Сондықтан бізде айтылған мәселе міндетті түрде орындалуы керек. Біз халықтың санасымен жұмыс істеуіміз керек, ашылуымыз керек, жаңа адамдарды қатарымызға тартуымыз керек. Жастарға көбірек қолдау көрсетуіміз керек. Болашақта 5 жылдан кейін, 10 жылдан кейін сана өзгереді. Адамдар өзгереді. Жаңа мәдениет қалыптасады. Сондықтан тұңғыш рет праймеризге қатысқан азаматтарға шын мәнінде алғысымды білдіргім келіп отыр.

Хабар 24 телеарнасы