428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыға шетелден ұшып келген үш жолаушыдан коронавирус анықталды

  • 92
  • UPD: 23:28, 16.10.2020

Кешелі-бері Алматыға шетелден ұшып келген үш жолаушыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп әуежайда талап күшейтілгелі бері сырттан келген дертті жолаушылардың саны 10 адамға жетті.

Қоғамдық бақылау және басқада саланың өкілдері Алматы әуежайына барып арнайы тексеріс жүргізді.

Әлемде қауіпті індеттің екінші толқыны етек ала бастады. Сондықтан 6 қазаннан бастап Алматы әуежайындағы санитарлық-эпидемиялық бақылау күшейтілген болатын. Шетелдік рейстермен ұшып келетін адамдарға ПТР тестінен алдын ала өту қажеттілігі ескертілседе анықтамасыз келіп жатқан жолаушылар әліде бар.

Назарбай Жүнісұлы, жолаушы:

– Осыдан 10 күн бұрын Дубай қаласына барғанбыз. Ол жаққа барған соң жақсы демалыс болды. Қайтып келе жатқанда ПТР тест тапсырдық. Бүгін Алматыға келдік. Қазір бақылау жүріп жатыр. 

Қайрат Ахметов, спортшы:

– Бәрі сақталды. Ұшақтың ішінде маскамен отырдық. Тәртіп бар.

Дубайдан ұшып келген бұл азаматтар шет мемлекетте анықтама алудың еш қиындығы жоқ екенін айтады. Ал анықтамасы жоқ жолаушылар бірден оқшауланып, арнайы қонақүйлерге жөнелтілді. Олар немен жүріп тұрады? Жатын орны мен тамақтануы қалай? Осы мәселені кеше Қоғамдық бақылау және қалалық Денсаулық сақтау басқармасы сондай-ақ коррупцияға қарсы күрес агенттігінің мамандары арнайы келіп тексеріп көрді.

Саида Тәуекелова, қоғамдық бақылаудың республикалық үйлестірушісі:

– Бізге жолаушылардан көптеген сауал келіп түсті. Тексеріс қалай жүргізіледі? Бізді қайда апарады? Ол жердегі жағдй қалай деген сияқты. Сондықтан осы әуежайдағы бақылау жұмысы қалай жүргізілетінін арнайы келіп көрдік. Ешқандай олқылықтарды байқамадық. Анықтамасы жоқтарды арнайы дәлізбен шығарып, жүктерін алған соң автобуспен қонақүйлерге жеткізеді екен. Ал қонақүйде жолаушыларға қандай жағдай жасалғанын қазір барып көретін боламыз.   

Әуежайдан үйлеріне қайта алмаған жолаушылар қала ортасындағы 4 жұлдызды қонақүйлердің біріне орналасты. Олар алдымен дәрігерлерік тексерістен өтті. Енді нәтижесі шыққанша осында болады. Ал мұнда барлық жағдай жасалған екен. 15 қазаннан бері Алматы әуежайына 15 халықаралық рейспен 1529 адам ұшып келіпті. Олардың 232-сінде ПТР анықтамалары болмаған.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев

Хабар 24 телеарнасы