429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бір күні құлап кетуі мүмкін – елордадағы апатты үй тұрғындары

  • 164
  • UPD: 10:22, 17.10.2020

Елордада тозығы жеткен, жөндеуді қажет ететін үйлер көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті апатты жағдайда тұрған қаншама?! Тұрғындар жан-жаққа өтініш арыздарын айтып жатқанмен, баяғы жартас сол жартас. Жиналып, жөндеу жұмысын жасатқанмен де, көңілдерінен шықпай жатқаны тағы бар. Ал әкімдіктің өз айтары бар.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Қарасай батыр көшесінде орналасқан бұл үй сырты бүтін, іші түтін деген тіркеске дәл келеді. Себебі айналасына қарасаңыз, мін жоқ. Ал жертөлесіне ену мүмкін емес. Себебі үй судың үстінде тұр. «Кәріз сулары жиналған бұл жертөле үйді опырып, жер жастандыруы мүмкін», деп қорқады жергілікті тұрғындар.

Юлия Ильина, Қарасай батыр 31-үйдің тұрғыны:

- Бес қабатты біздің үйіміздің іргетасы жыл бойы суда тұрады. Бұл қаншалықты қауіпті екенін білесіздер. Бір күні үйіміз құлауы мүмкін. Қанша жан, кішкентай балалар бар. Білеміз, бұл үйді апатты деп ешкім мойындамайды. Бірақ бұлай жалғаса беруге болмайды. Бір әрекет жасау керек.

Сұрастыра келе, үйдің жертөлесі 2005 жылы жеке адамның иелігіне өткені белгілі болды. Содан қараусыз қалған орын бүтіндей бір үйдің қабырғасын қиратуы мүмкін. Қабырға қирауы мүмкін демекші, Шалкөде көшесіндегі үй тұрғындары жиналып, жаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеу жұмысын жасатқан. Тек жұмыс уақытылы бітпеген. Көңіл де көншітпей тұр. Ақшасын ақтап тұрған жоқ деп алаңдаулы. Жөнделген үй төбесінен су сорғалап, иелерін әбден әбігерге салған.

Қуаныш Ырзағали, Шалкөде 3/1 үйдің тұрғыны:

- Модернизация салдарынан үйіміздің төбесінен су кетті. 23 қыркүйек күні су кетті. Жоғарыда төбені жабу жұмыстарын істеп болғаннан кейін кетті. Қыркүйектен бері жөндеу жұмыстары да жүрген жоқ. Мынадан кейін ақша төлегің де келмейді екен.

Күрделі жөндеу жұмысын жүргізген мердігер компания әлі күнге су аққан үйлердің төбесін қалыпқа келтірмеген. Ал тұрғындары осы жөндеу жұмысына кеткен 68 миллион теңгені 15 жыл бойы төлеуге міндетті. Әкімдік өкілдері барлығы талапқа сай деп отыр.

Нұрлыбай Бабасов, «Өркен қала» жеке шаруашылығының бас маманы:

- Тұрғындардың келісімімен жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары. Иә, біздің мердігерлер жағынан да біраз қателіктер болды. Жұмыс кеш басталды. Індетке байланысты. Одан кейін бір подъездің төбесі жабылмай қалып, 5-6 пәтерді су алған еді. Ол пәтерлердің барлығын мердігер өз қаржысына жөндеуге міндеттеме алды.

Тұрғындар «алдағы 15 жыл бойы 15 күнге де шыдамаған жөндеу жұмысына қалай қаржы береміз», деп наразы. «68 миллион жұмсалған үйдің төбесі түсіп, табалдырығы тозып кете ме» деп қорқады мұндағы жұрт. Мердігер компания алда қандай жұмыс атқаратынын назарда ұстайтын боламыз.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы