427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық альбинос қыздардың ғаламторда танымалдығы артып келеді

  • 117
  • UPD: 15:48, 17.10.2020

Ақтаулық апалы-сіңлілі альбинос қыздардың ғаламторда танымалдығы күн санап артып келеді, хабарлайды «Хабар 24».

Оларға отандық сән үйлерінен бөлек, шетелден шақыртулар түсе бастады. Каспий жағасындағы қалада тұратын Қалағановтар жанұясы түр-түсі өзгеше балаларды өсіріп отырғанын бұған дейін де айтқанбыз. Бауырынан 13 жас үлкен Әсел бүгінде жарнамалық роликтерге түсіп, табыс тауып жүр. Альбинос қыздардың тағдыры бір жылдан кейін қаншалықты өзгергенін арна тілшісі Талғат Исламұлы әңгімелейді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Әсел Қалағанова биыл 15 жасқа толды. Түр-түсі ерекше жеткіншек жастайынан сән үлгілерін көрсетуді армандап келіпті. Былтыр біздің телеарнадан апалы-сіңлі альбинос қыздар жайлы сюжет жарық көрген соң сән үйлерінен шақыртулар түсе бастады.

Таяуда Әсел американдық тауар жарнамаланған бейнероликте бой көрсетті. Ақтаулық ерекше қыздарға басқа елдерде тұратын альбинос балалар да ғаламтор арқылы хабарласып, ақыл-кеңесімен бөліседі.

Әсел Қалағанова, модель:

- Ресей, Беларусь, Өзбекстан секілді ТМД елдерінде тұратын альбинос балалар жиі хабарласып тұрады. Түр-түсінің өзгеден ерекше болып келуінен көп жағдайда олар тым ұялшақ болып келеді. Өз кезегімде мен осы ерекшелікті өз пайдасын жаратуға кеңес беремін. Мәселен, өз арманыма қолым жетіп, қазір түрлі затты ғаламторда жарнамалап жүрмін. Осы үшін жақсы табыс та табамын.

Альбинос жеткіншектің мұратына жетуіне жол ашқан қала тұрғынының есімі – Айжан Сейсеналиева. Бойжеткен модель агенттігін басқарады. Жыл басында апалы-сіңлілі қыздармен келісімшартқа отырған. Олардың фотосуретін әлеуметтік желілерде жариялап, іскерлік ұсыныстар қабылдай бастапты. «Шетелге шығып, жұмыс жасауымызға қазіргі қазіргі індет кедергі болып тұр» - дейді ол.

Айжан Сисеналиева, модель агенттігінің директоры:

- Әсел қазақстандық әншінің бейнеклипіне түсіп үлгерді. Сондай-ақ Флоренция есімді грек әншісінің клипіне де түсті. Көптеген ресейлік скаут-агенттіктер де қызығушылық танытып отыр. Біз олардың іскерлік ұсыныстарын қарап жатырмыз.

Менеджердің айтуынша, эпиджағдай тұрақталып, шекаралар ашылған жағдайда Қалағановтардың қос қызы жаһандық жобаларға қатыса бастайды. Демек, ақтаулық альбинос жеткіншектер көпке танымал дизайнерлердің қолынан шыққан сән үлгілерін киіп, сахнаға шығар уақыты әлі алда.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы