428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы ауылда су ішетін құдық бейіт пен қоқыстың арасынан қазылды

  • 76
  • UPD: 22:58, 17.10.2020

Қарағанды облысындағы Шешенқара ауылына ауыз су құбыры толық тартылмай жатып, дау туды. Жұрт жаңадан қазылған құдық суының сапасына күмәнмен қарайды. Себебі жобалау кезінде бірқатар санитарлық талап сақталмаған екен. 

Әр үйде біздің ауылымызда осылай жаңбырдың суын жинап, кір жууға, шомылуға, жуынуға пайдаланамыз. Қазіргі XXI ғасырда осындай масқара болады ма?

Шешенқара ауылында ауыз су мәселесі жылдар бойы шешілмей келген. Мұндағы жұрт тіршілік нәрін тасып ішеді. Әр үйде құдық бар, бірақ оның суы тіпті жуынуға да жарамайды.

Биыл қазынадан 230 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылға су тарту жұмыстары басталғанда тұрғындар бөркін аспанға атып, қуанған еді. Бірақ ұзаққа бармады. Жұрт небәрі 9 метр тереңдікте қазылған құдықтың суы сапалы болатынына күмәнмен қарайды. 

Амантай Ахметов, Шешенқара ауылының тұрғыны:

- Бейіт 350 метр жерде, арғы жағында 600 метр жерде қоқыс полигоны тұр. Қасында 80 метр жерде Нұра өзені ағып жатыр. Жерасты суы да, үстінен аққан көктемдегі су да түгел сол жерге, Нұраға құйылады. 9 метр деген, ондай құдық осы ауылдың барлығында бар.

Техникалық қадағалаушылардың айтуынша, жобаның топонимикалық түсірілімі әу баста дұрыс жасалмаған. Құжатта зират та, қоқыс полигоны да көрсетілмепті. Ал енді оны қайта өзгерту үшін көп уақыт керек. Әрі тапсырыс берушілер, мердігерлер, техникалық және авторлық қадағалаушылар бір мәмілеге келуі тиіс. Оның үстіне қосымша қаражат қажет.

Зүлкәфл Омаржанов, аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Жоба бойынша біз жасадық. КАЗНЕДРА-дан бағалау алдық. Қай жерден қаз деді, сол жерден қаздық. Олар айтпай біз әрекет ете алмаймыз. Осы жерде 10 скважина қазылды, соның жетеуінде су ішуге келмейді.

Ал санитар мамандар ауыз су көздерін орналстырудың өз заңдылығы бар. Егер ол талаптар бұзылған болса, жобаны қайта қарау қажеттігін айтты.

Санжар Иристаев, аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының м.а.:

- Тұрғындар жиналып бізге өтініш бере алады. Немесе сол қызмет көрсетуші орган өтініш бере алады. Бес күн ішінде тексеріп, біз санитарлық талаптарға сай, сай емес екендігі туралы қорытынды шығарамыз.

Ал әзірге ауыл ішіне су тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Егер кеткен қателікті дер кезінде түземесе, ертеңгі күні жұмыс аяқталған соң жобаға жауаптыларды таппай қаламыз деп жұрт алаңдаулы. Әлі мемлекет қаржысы текке шығын болады деп налиды.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы