432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында көкөніс жинау науқаны аяқталуға жақын

  • 171
  • UPD: 11:57, 18.10.2020

Ертіс өңірінің шаруалары көкөніс жинау науқанын аяқтауға жақын. Бүгінгі күннің өзінде қоймаларға 600 тонна картоп пен 230 мың тоннадан астам өнім жиналған. Биылғы жазда қуаңшылық болғаны белгілі. Осыған қарамастан, мамандар озық технологияның арқасында жақсы өнімге қол жеткізді Мәселен, бір гектардан 300 центнерден картоп жиналған. Ішкі және сыртқа нарықта жоғары сұранысқа ие өнім шетелге де жөнелтіліп жатыр.

Ақтоғайлық шаруалар биылғы құрғақ жаздың бейнетін көрді. Мамандардың айтуынша, егістіктегі топырақ +65 градусқа дейін қызыған. Тұқым күйіп кетпес үшін алқаптар күніне бірнеше рет суарылған. Тамшылатып суару технологиясының арқасында көкөніске зақым келмеді. Шығын молынан болса да, алынған өнімнің көлемі ойдағыдай. Биыл 1 гектардан 450 центнер картоп жиналды.

Валерий Романов, аға инженер-гидротехник:

- Құрғақшылық болғаны рас. Бұл көкөністің сапасына кері әсер етпес үшін барымызды салдық. Мәселен, сәбіздің құрылымы бірқалыпты. Сараптама да жүргіздік. Сапасы жақсы, құрамындағы каротин нормаға сай. Қазіргі уақытта іріктеп жатырмыз. Бір бөлігін ішкі нарыққа, екінші бөлігін шетелге жібереміз.

Жиналған өнім іріктеуден өткен соң тұтынушыларға жеткізіледі. Сұраныс болғандықтан, көкөністің бағасы да біршама артқан. Бұл шаруаларды қуантары анық. Мәселен, бұл қоймада 30 мың тонна сәбіз бар. Өнімнің барлығы сатылымға арналған.

Бақытбек Смағұлов, бригадир:

- Поля бойынша жоспар бітті бүгін. Полядан барлығы жиналып, алынып. Енді жоспарда тұрған 90 тонна картоп жіберу, кешеден бері басталып жатыр. 60 тонна жібердік, енді 30 тонна қалып жатыр.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл үрдіс «картопты калибрлеу» деп аталады. Яғни, өнімнің бір бөлігі тұқымға, екінші бөлігі - осындай түрі сатылымға арналған. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан өңірдің шаруалары жақсы өнім алды. Мәселен, бұл шаруашылық тәулігіне картоптың 500 тоннасын экспортқа жөнелтеді.

Аймақтағы ірі шаруашылық көктемге дейін көкөніс өнімдерінің тағы 500 тоннасын қоймада сақтамақ. Осылайша, көкөністің маусымдық бағасы тұрақтандырылады. Ал сапасы талапқа сай болу үшін заманауи қойма бой көтеруде. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы