429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның шалғай ауылдарында әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді

  • 156
  • UPD: 10:10, 18.10.2020

Тарбағатай ауданында жастар шағын грант алып, кәсіптерін жетілдіруге ынталанып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол, ауызсу сияқты түйткілдердің де түйіні тарқап, халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері енді иесіз қалған су қоймалары мен арналарын күрделі жөндеуден өткізіп, суармалы жерлерді тиімді игеруді көздеп отыр.

Ақжар ауылының тұрғыны Альмира Желдібаева тұрақты жұмысы болмағандықтан, өз бизнесін дамытуды қолға алған. Ол үшін арнайы білімін жетілдіріп, кәсіпкерлік негіздерін оқыпты. Сән салоны жобасын жүзеге асыруға ұтып алған 555 мың теңгелік мемлекеттік грант та сеп болғанын айтады. Жалпы аудан бойынша 124 адам осындай қаржы алып, өз кәсіптерін дөңгелеткен.

Альмира Желдібаева, кәсіпкер:

– Негізгі мамандығым музыкант, «Бастау» бағдарламасымен грант ұтып алдым. Қазіргі таңда салонымды әрі қарай дамытсам деймін. Жақсы мүмкіндік, қорықпай осы жобамен жұмыс істеуге болады.

Ауданда 500 шақырымнан астам жол жергілікті маңызы бар деп есептеледі. Олардың жартысына жуығы көптен жөндеу көрмей тозып кеткен болатын. Биыл әр түрлі бағдарлама бойынша 7 жоба қолға алынып, осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыстар атқарылды. Соңғы жылдары өңірде мал басы да бірнеше есеге өскен. Ірі қараның өзі ғана ғана 200 мыңға жуықтапты. Мұнан өзге 300 мың қой, 34 мың жылқы бар. Сондықтан аудан басшылығы жем-шөп қорын, мал азығын әзірлеуге кешенді жоспарлар жасапты.

Асхат Смаилов, Тарбағатай ауданының әкімі:

– 29 мың гектар сурамалы жеріміз бар. Біз осы істі қолға алуымыз керек. Су қоймаларын жөндеу мәселесін мақсат қылып қоюымыз керек. Иесіз қалған бұрыңғы шаруашылықтың каналдарын мемлекет балансына алып, оны жөндеу мәселелерін қолға алуымыз керек. Сол каналдар бойын малдың жем-шөп қорына айналдыру мақсатында жұмыстар ұйымдастыру. Ол үшін интенсивтік технологиялар әкелеміз.

Қазір аудандағы 60 елді мекеннің 45-сінде сапалы ауызсу бар. Жыл соңына дейін тағы 6 ауылда жобалар жүзеге асырылып, тұрғындар тіршілік нәрімен қамтылмақшы. Оған мемлекет қазынасынан бір миллиард 300 миллион қаражат бөлініпті.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы