428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында үш су қоймасы салынады

  • 91
  • UPD: 21:57, 18.10.2020

Жаңа қоймалардың құрылысы Қордай мен Байзақ аудандарында басталады, хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірдегі суармалы шаруашылықта тіршілік нәрі тапшы. Аймақ қажетті судың 80%-ін қырғыз елінен алады. Көрші мемлекеттен келетін су көлемі жыл сайын азайып барады. Салдарынан Әулиеата шаруалары егіс алқаптарын ұлғайту үшін тәуекелге бармай отыр.

Жамбыл облысының аграрлық әлеуеті жоғары. Бірақ өңір Қырғызстанға суға тәуелді. Соңғы жылдары көрші мемлекет жауын-шашынның аз түсуін алға тартып, суды қысып тастайтын болған. Соңғы 5 жылда Шу бассейнінен 841 миллион текше метр суды кем берген. Салдарынан жергілікті диқандар жылда судан таршылық көреді. Мәселен, биыл қырғыздың Шу өңірінен келісім бойынша 325 миллион текше метр су алуымыз керек болған көрінеді. Алайда бар болғаны соның 55%-і ғана шаруаларға жеткен. Нәтижесінде өнім жылдағыдан 36 мыңнан астам тоннаға кем алынды. Бұл проблеманы біршама шешу үшін аймақта үш су қоймасы салынбақ.

Қазыбек Бедебаев, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының басшысы:

- 2021-2022 жылдарға жоспарлап отырмыз. Қазіргі жағдайда үш су қойманың да техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталды. Жобалық-сметалық құжаттамаларға өтінім бердік. Тапсырыс беріп қойдық. Республикалық бюджеттен бөлінетін болып тұр. Сол стадияда тұр.

Жаңа су қоймаларының біреуі Талас пен Байзақ аудандарының ортасына салынады. Ал екеуі Қордайда. Қалғұты мен Ырғайты өзендерінің бойы таңдап алынып отыр.

Қазыбек Бедебаев, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының басшысы:

- Су қоймасының құрылысы өте керек болып отыр. Ырғайты су қоймасының көлемі 15,5 миллион текше метр болса, ал Қалғұты су қоймасының көлемі 14 миллион текше метр болмақшы. Жылдағы проблема ол судың жетіспеушілігі. Сол кезде су қоймаларды іске қосып, халыққа су тарату жоспарлануда.

Сондай-ақ Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасының сыйымдылығы арттырылмақ. Нысанға қазіргі жағдайда 500 миллион текше метр судан артық жинау қауіпті. Сейсмикалық жағдайы төмен. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Қазір оны күшейтіп, бөгеттерін нығайту жұмыстары жүріп жатыр.

Қуандық Құразов, құрылысшы:

- Су астынан жырып кетуі мүмкін. Сондықтан астын біз күшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір 70%-тей бітіп қалды. Оның ішінде екі каналымыз 5 километрден 200 метрдей монолитті бетондар ғой. Бетонмен қаптау жұмыстары. Ол қазір жүріп жатыр.

Алдағы уақытта сыйымдылығын 1 миллиард текше метрге дейін көбейту көзделіп отыр. Бұл аймақтағы суармалы алқап көлемін 13 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы