432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық құтқарушылар 19 қазанда өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді

  • 112
  • UPD: 21:53, 18.10.2020

Жұмыс барысында түрлі төтенше жағдайға тап болатын мамандық иелері жыл сайын 10 мыңнан астам адамның өмірін аман сақтап қалады екен.

Өз бастарын қауіп-қатерге тіккен бүгінгі күннің батырлары жайлы «Хабар 24» тілшісі Ардақ Айбарұлы әңгімелейді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Құтқарушылар үшін Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі ең күрделі өңірлердің бірі. Өйткені мұндағы төтенше жағдайлар қызметінде арқаны кеңге салып, жайбарақат жүретін ешбір кезең жоқ. Қыста қар ұйытқыған ақ боран, көктемде су тасқыны, жазда шомылу маусымы, ал күзде тау-тас пен орман-тоғайда жоғалып кеткен адамдарды іздестіру операциясына жұмылдырылады. Осының бәрінде ең алдыңғы орында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тұр.

Игорь Лапенлавский, ШҚО ТЖД жедел құтқару тобының жетекшісі:

- Биылғы 9 айдың ішінде 460 шақыртуға бардық. Соның 108-і құтқару операциясы. Бұл жұмыстар бір күннен он шақты күнге дейін жалғасады.

Құтқарушының меңзегені – іздестіру жұмыстары. Мұндай операция ұшқыштардың көмегінсіз жүзеге аспайды. Сондай білікті мамандардың бірі – Илья Тачай. Ол тікұшағын күн сайын жіті тексеріп, қай кезде болсын көкке көтерілуге әзір отырады.  

Илья Тачай, Е-145 әуе кемесінің ұшқышы:

- Біздің әрбір ұшуымыз бір-біріне ұқсамайды. Талап өте күшті. Кейде санитарлық рейстер жасауға тура келеді. Таудағы іздестіру операцияларына қатысамыз. Менің есімде мәңгі сақталатын оқиғалардың бірі – екі балықшыны құтқарғанымыз. Тасқын кезінде олардың қайықтары төңкеріліп, өздері судың ортасында қалып қойған екен.

«Мұндай жағдайда әрбір секунд маңызды», - дейді Ильяның әріптесі, әуе кемесінің командирі Артур Ғаббасов.

Артур бұған дейін әскери ұшқыш болған. Ол 2 мың сағатын ұшумен өткізіпті. Осы уақыт ішінде түрлі оқиғалардың куәсі болды. Өткен жылы оның әріптесі санитарлық рейс жасау кезінде талып қалған. Басқару тетігін кеудесімен баса құлайды. Бірақ білікті командир әуе апатының алдын алып үлгереді. Осылайша, Риддерден әкеле жатқан науқас пен санавиация қызметкерлерінің және өз өмірлерін де аман сақтап қалды. 

Артур Ғаббасов, Е-145 әуе кемесінің ұшқышы:

- Мұндай жағдай күнде қайталанбағанымен, ара-тұра болып тұрады. Біз соның бәріне дайын болуымыз керек.

Ұшқыштардың көмегіне «Қазселденқорғау» мекемесіндегі әріптестері де жиі жүгінеді. Олар тау басындағы көлдерге әуеден бақылау жасайды. Облыс аумағында осындай 146 көл бар. Олардың әрқайсысы теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте орналасқан.

Советбек Станбеков, «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының басшысы:

- Сел жүру қаупі туындаған кезде ондай жерлерге ешқандай ауыр техникамен жете алмайсың. Тек тікұшақ қана апара алады. Ұшқыштардың көмегімен табиғаттан келетін қатерлердің алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.

Өңірде күн сайын 1700 құтқарушы қызмет атқарады. Олардың барлығы да алдыңғы шепте жүрген азаматтар. Өйткені табиғат апаты қателікті кешірмейді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов

Хабар 24 телеарнасы