430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бес баладан кейін қорқып қалдым – Жалғыз басты ана проблемасымен бөлісті

  • 130
  • UPD: 09:03, 19.10.2020

Қазір карантиндік шектеулерге байланысты қиын жағдайға душар болған жандардың көбейгені белгілі. Әсіресе бар ауыртпалық көп балалы отбасылар мен жалғыз қалған қарияларға түсіп отыр. Дегенмен, оларға мүмкіндігінше көмек көрсетіп, қол ұшын созып жүргендер де аз емес.

Астаналық Любовь Анисимова жер үйде жалғыз тұрады. Қыста пеш жағады, жазда бақшаға қарайды. Бір сөзбен үйдің бар шаруасы бір өзінің мойынында. Рас, мезгілінен бұрын қайтыс болған екі ұлының артында балалары қалған. Алайда немерелер әжесінің хал-жағдайын білуге демалыс күндері ғана келеді екен.  

Любовь Анисимова, қала тұрғыны:

- Екі күн бұрын келінім немеремді алып келді. Тағы бір немерем су әкеп беріп кетті. Жалпы, келінім, жиі келіп тұрады. Зейнетақыны алып, азық-түлік жеткізіп береді. Оларға мына қыз-жігіттер де қосылды. Оның бәрін қайтемін? Егер бірдеңе керек болса, дүкенге барып сатып аламын. Ал қайтар жолда сатушы әкеп тастайды. Ол да маған қамқор болып жүр. 

Жуырда Любовь Анисимоваға қамқорлық көрсетуге ниеттенген өзге де жандар табылды. Бас қаладағы мейірімді азаматтар клубының волонтерлары қарияға ара-тұра көмек көрсетіп тұрады. Осыған дейін үйін жөндеуге көмектессе, бұл жолы ауланы тазалады.  

Жұлдыз Базарбаева, волонтер:

- Әжей әзірге үй жинауға рұқсат етпейді. Тек екі мезгіл тамақ әкеліп, қарайласып тұрамыз деп келістік. Осыған дейін үйін жөндеуге көмектескенбіз. Жиһазын жаңартып бердік. Әлі де көмектесе береміз.  

Енді Любовь әжейге немереден басқа тағы бір ермек табылды. Елгезек жастар бұл үйге апта сайын келіп тұруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек елордалық волонтерлар көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға да қарайласып тұрады.

Төрт баласын бір өзі тәрбиелеп отырған Мөлдір Сахова да бұл тізімде бар. Бүлдіршіндердің кішісі 4-те, үлкені 8-де.

«Жұмыс істеуге дайынмын, бірақ төрт баланы қалдыратын адам жоқ» дейді жалғыз басты ана.

Мөлдір Сахова, қала тұрғыны:

- Жұмыс істемедім емес істедім. Тастап, түнде шықтым. Болмайтын болды. 5 баладан кейін қорқып қалдық қой. Үшеуін мектепке апарып, әкелемін. Карантинде екеуі барады, біреуі үйде онлайн оқиды. 

Мөлдірдің жағдайы волонтарларға жеткен соң, олар қолдан келгенше көмек көрсетуге кірісті. Әзірге төрт баланың төртеуіне де қыстық аяқ киім алып берді. Алдағы уақытта да қарайласуды жоспарлап отыр. 

Сындор Сембаева, волонтер:

- Бірінші кезекте жалғыз басты аналарға көмектесеміз. Сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі. Біздің ұйым ақша жинамайды. Киім-кешекпен, аяқ киіммен, жиһазбен, дәрі-дәрмекпен, отынмен көмектесеміз. 

Жалпы әлеуметтің әлсіз тобына жататындарға көмек жүйелі түрде көрсетіледі. Ал мұқтаж азаматтар мен олардың отбасылары әуелі тексеріледі. Олар шын мәнінде қиындыққа тап болса, волонтерлар қол ұшын созады. Бұдан бөлек жануарларға арналған орталықтар да назардын тыс қалмайды.

Хабар 24 телеарнасы