428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында екі ауыл Матай станциясына дейін жол салуды сұрады

  • 43
  • UPD: 10:41, 19.10.2020

Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Ойтоған және Үлгілі ауылының тұрғындары жергілікті билік өкілдерінен Матай станциясына дейін тас жол салып беруді сұрап отыр. «Жол қатынасы жақсарса, Балқаш жағалауына келіп, тынығушылар қатары артады. Ол өз кезегінде ішкі туризмді дамытуға жол ашады. Сондай-ақ шалғай ауылға жастар да көптеп тартылар еді» дейді тұрғындар.

Ойтоған мен Үлгіліден Матай станциясына дейінгі ара-қашықтық 45 шақырым. Бұл жол бөлігі қайта құру кезеңінен бері еш жөндеу көрмеген. Жаңбырлы күндері қатынас тіптен қиындай түседі. Оның үстіне ауыл ішінде дені дұрыс дүкен де жоқ. Тұрғындар азық-түлік алып қайту үшін амалсыз Матайға барады.  

Серік Әмірхамза, ауыл тұрғыны:

- Өзімізше енді коммерсанттар келіп, малды сатып, мысалы, бір қойға 3-4 зат аласың енді. Құн жоқ қой. Бір мүшек ұнды жаңағы 1 саулық қойға аламыз 50 келелік ұнды. Әуелі кейде қойың арықтау деп алмай кетеді. 

Амангелді Айтбаев, Ақсу ауданының тұрғыны:

- Мына Ойтоған ауылы мен Матай станциясы дейміз ғой, осы екі ортадағы жолға асфальт төселсе, қазір туризмді дамыту деген дүние туып жатыр. Бізде енді Балқаш көлі осы туризмге таптырмайтын орын. Егер де осы екі ортаға жол салынса, онда халықтың демалысына да, жастардың келуіне де олардың жаңағы мәдени орталықтар ашуына да үлкен ықпалын тигізер еді.

Тұрғындар әзірге осы қып-қысқа ғана жол бөлігін жүріп өту үшін 1,5 сағаттай уақытын жұмсап жүр. Аудан әкімінің есептік кездесуінде бұл мәселені бірнеше рет көтердік. Әзірге еш нәтиже жоқ.

Жәнібек Бейсебаев, Ақсу аудандық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Ойтоған мен Үлгілінің және Матай станциясының аралығы 48 шақырымды құрайды. Ол да облыстық маңыздағы жолға жатады. Жобалық-сметалық құжаттамасы 4 млн 900 мың теңгеге әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамада. Келесі жылға жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.

Жол қатынасына байланысты түйткіл өзге ауылдарда да бар. Мәселен, Ашыбұлақ елді мекенінің тұрғындары да тақтайдай тегіс жолға зәру. Биылғы көктемде Жансүгіров – Арасан автомагистралін күрделі жөндеуден өткізу мәселесі өз шешімін тапты. Ол жақын арада пайдалануға беріледі. Жалпы Ақсу ауданы бойынша биыл 12 елді мекенде ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы