423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысының Жылыой ауданында эпидемиологиялық ахуал тұрақты

  • 222
  • UPD: 21:08, 19.10.2020

Дәрі-дәрмектің 1 айлық қоры жасақталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті індеттің екінші толқынына сақадай сай отыру үшін салынып жатқан 200 орындық модульді аурухананың құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Індет өршіген тұста Жылыой ауданының 1000-нан астам тұрғыны коронавирус инфекциясына шалдыққан еді. Қазір ауру жұқтырғандардың бәрі емделіп шыққан. Өкпесі қабынған 50-ге жуық науқастың дертіне дауа табылыпты. Дегенмен індеттің іргеде екені мәлім. Арқаны кеңге салып, еркінсуге ерте. Қазір Жылыой ауданында дәрілік өнімнің 1 айлық қоры жасақталған. Аудандық аурухана қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліпті.

Нұрбек Үкібаев, Жылыой аудандық аурухана директоры:

– Жылыой ауданы бойынша эпидахуал тұрақты. Соңғы 10 күн ішінде тіркелген науқас саны жоқ. Дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының 1 айлық қоры қалыптасқан. Ауруханада 11 ӨЖЖ аппараты, сонымен қатар 57 оттегі консентраторы бар.

Аудан орталығында салынып жатқан 200 орындық модульдік типтегі аурухананың құрылысы қараша айының ортасына дейін аяқталуы керек еді. Алайда медициналық мекеменің құрылысына қажетті құрал-жабдықтар уақытында жеткізілмей отырған көрінеді. Сол себепті қарашада бітіуі керек құрылыс, желтоқсанның соңына дейін созылатын түрі бар. Десе де, бұл медициналық мекеме барлық талапқа сай болмақ. Оттегі станциясы да осы ауруханада орнатылады.

Бақыт Қажиденов, құрылыс учаскесінің жетекшісі:

– Қазір бетон жұмыстарының бәрі бітті. Метал-конструкторын құрастыру жұмыстары жүріп жатыр. Су, газ жұмыстары келіп тұр. Жарыққа 100 метрдей қалды. Жеке-жеке бөлмелермен қарастырылған.

Сондай-ақ 200 орындық модульдік типтегі аурухананың жанынан тағы да 75 орындық аурухана салынып жатыр. Оның құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады дейді жауаптылар.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы