425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бұрынғы полиция қызметкері елікті атқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады

  • 223
  • UPD: 21:38, 19.10.2020

Алматы облысының бұрынғы полиция қызметкері елікті атқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қылмыс үстінде қолға түсті. Аймақта аң аулау маусымы басталды, демек браконьерлік жағдайлар да жиілейді. Сұғанақ аңшылардың әрекетін әшкерелеу үшін үш күн бойы облыстың ірі көлдері мен өзендеріне әуеден рейд жасалды. Нәтижесінде бірнеше қару мен қолдануға тыйым салынған құрылғылар тәркіленді.  

Алакөл, Балқаш көлдері мен Қаратал және Лепсі өзендерінің сағасы – аңшылар мен балықшылардың сүйікті мекені. Қазан айы – саятшылыққа өте қолайлы ай. Күн райы жылы, жер құрғақ. Аңның төлдері өсіп, үйрек-қаз балапандарының қанаты бекитін кез. Бірақ дәл осы кезеңде қаруын тіркемеген, аң атуға рұқсаты жоқ сұғанақ аңшылар да аңға шығады. Ал су қоймаларына балық аулауға тыйым салынған құрылғылар қойылады. Мұндай жайттарды анықтауда әуеден жүргізілетін рейдтер өте тиімді. Мысалы, Сарқанд ауданындағы мына жол таңдамайтын көлік бүгін ерекше көзге түсті.

Көліктің салонынан бірнеше қару-жарақ табылды. Арасында 308-калибрлі «Вепрь» қаруы да бар. Ал көліктің тіркемесінен қапқа салынған жабайы аңның еті табылды. Көлік пен қарудың иесі-жергілікті полицияның бұрыңғы қызметкері болып шықты. Бірақ оның аң аулауға рұқсаты жоқ. Демек бұл – қылмыстық іс.

Бағлан Рымжанов, облыстық ПД жергілікті полиция басқармасының табиғатты қорғау тобының полиция капитаны:

– Терісі жоқ, бірақ елікке ұқсайды. Ол сараптамада дәлелденген жағдайда ол 337-баппен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберіледі. Екі күндік іс-шара өткізу кезінде тікұшақпен ұшу барысында 13-14-ке жуық құқық бұзушылық табылды. Белгілі іс-құжат жиналып, жергілікті атқарушы органдарға өткізілді.

Табиғатты қорғау мамандары, тікұшақпен Балқаш пен Алакөл бассейіндерінің барлығын шарлап шықты. Браконьерлік маусымда мұндай авиарейдтерді «Қазавиаорманқорғау» мамандары «Қазавиақұтқару» мамандарымен бірлесе отырып жүргізеді. Жоғарыдан аңшылар мен олардың көліктері анық көрінеді. Ең ұтымдысы, олар қашып үлгере алмайды.

Балқаштың Қарашаған тұсынан Қытайдың бір реттік торлары табылды. Тыйым салынғанына қарамастан браконьерлер мен лицензиясы бар балықшылар, тіпті ірі шаруалар да тордың осы түрін жиі қолданып жүр. Табиғатты қорғаушылар оны тәркілеп, өртеп тастауда. Бірақ елімізде олардың саны азаймай тұр. Себебі бұл торлар кеденнен өткізілерде құрылыс материалдары ретінде рәсімделеді. Ал шындығына келгенде осы торға түскен балықтар мен құстар тірі қалмайды. 

Ринат Қумашев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– 2020 жылы 9 ай қорытындысы бойынша Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар инспекциясының мамандарымен 282 балық шаруашылығы саласында 282 табиғат қорғау заңмасы анықталды. Соның ішінде 37 материал сот органдарына жіберілді, және балық аулау ережесін қатаң  бұзғаны үшін 3 адамға қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда 2 азамат қылмыстық жазаға тартылған.

Балық қорына залал келтіргендерге 18 миллион теңге айыппұл салынған. Әсіресе, Сарқанд және Алакөл аудандарында жағдай мәз болмай тұр. Себебі мұнда рұқсатсыз ауланып жатқан балық санында шек жоқ.

Авторлары: Алуа Маханбет, Гриорий Беденко, Радик Жақұпов

Хабар 24 телеарнасы