422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да қоқыс полигондары талапқа сай емес

  • 203
  • UPD: 22:07, 19.10.2020

Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық қалдықтар төгетін 208 полигонның тек екеуі ғана санитарлық-экологиялық талапқа сай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекендер маңындағы қоқыс нысандарын қоршауға қаржы жоқ. Салдарынан алыс ауылдардың айналасы күл-қоқысқа толып барады. Полигоны жоқ ауылдар тұрмыстық қалдықтарды жүздеген шақырымда жатқан қалаға тасуға мәжбүр.  

Бөрлі ауданындағы қоқыс полигоны қоршалған. Бірақ аумағы тым тар болған соң айналасы мынадай күйге түскен. Санитарлық талаптарға сай келмеген соң бұл нысан тіпті жабылып тыныпты. Ал ауданға қарасты Пугачев ауылының тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды көршілес Ақсай қаласына тасуға мәжбүр.

Майра Селбаева, Пугачев ауылдық округі қоғамдық кеңесінің өкілі:

– Кейбір тұрғындар ақша төлегісі келмейді. Бар мәселе адамның өзінің санасында. Өзіміздің автокөлікпен Ақсайдың қоқыс алаңына апарып түсіреміз.

Бұдан 2 жыл бұрын қойылған 25 контейнер де қаңырап бос тұр. Жергілікті билік олардың санын көбейтуге тырысқанымен тұрғындардың қарсылығына тап болып отыр.

Людмила Пономарева, Пугачев ауылының тұрғыны:

– Кімде-кім осындай контейнерлерге төгеміз десе, келсімшарт жасаса берсін. Бірақ егер оған төгетін тұрмыстық қалдық болмаса, мен неге келісуім керек? Біз қалдық атаулыны өзіміз жойып отырамыз. Отқа жағуға пайдаланмыз. Кейбірін тыңайтқышқа айналдырамыз. Қабылдайтын жерлерге тапсырамыз. Ал шіріп жойылып кетпейтін тұрмыстық заттарды алмауға тырысамыз.  

Қайрат Салақбаев, Пугачев ауылдық округінің әкімі:

– 2019 жылы біз ауыл тұрғындарымен 5 рет кездесу өткіздік. Сол кездесулер нәтиже берген жоқ. Қазіргі таңда Пугачев ауылынан әр тұрғын өз бетімен Ақсай қаласына тасымалдайды. Тұрмыстық қалдықты ауылдың ішінен шығару үшін мердігер компания ұсынылған болатын. Мердігер компания әр үй басынан 200 теңге бекітіп шығарамыз деген. Бірақ халықтың келіспеушілігіне байланысты қазіргі таңда ол жұмыстар іске аспай отыр.

Облыс аумағындағы 208 полигонның тек екеуі ғана санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді. Оның өзі де облыс орталығы мен Ақсай қаласында ғана. Бірақ бұл екі полигон да қазір әбден толған. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары іске қосылған Ақсайдағы полигонға күн сайын 25 тоннаға тарта тұрмыстық қалдық төгіледі. Былтыр осы жерде 7 рет өрт оқиғасы тіркелді. 

Мұрат Ермекқалиев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары:

– 206 қатты тұрмыстық қалдық төгетін полигон талапқа сай емес. Санитарлық экологиялық нормаға сәйкес олардың барлығы қоршалуы тиіс. Қазіргі таңда ешбір ауданда қоқысты сұрыптау жұмыстары жүргізілмейді. Полигонға дейін асфальт төселуі тиіс, айналасында кемі 20 метрдей орман алқабы болғаны жөн. Негізгі талап – мұндай орындар тұрғынжайлардан 1 километр қашықта орналасуы керек.

Амангелді Тоғызбаев, Ақсай қаласының әкімі:

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонға келгенге дейін әбден сұрыпталуы керек. Қалған қалдықтар өртеліп немесе өзге де әдіспен жойылады. Осы мақсатта аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы арқылы заманауи полигон салу үшін 40 гектар жер телімі бөлінді. Жаңа нысанда қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап жоюға дейінгі барлық процестің сақталуын қамтамасыз етеміз.

Дәл қазір Орал қаласындағы жаңа полигон құрылысының техникалық экономикалық негіздемесі жасақталу үсінде. Құжаттары сараптамаға жберілген. Сонымен бірге Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында да жаңа полигонның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы