422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алма ағаштары оталып жатыр – алматылықтардың жанайқайы

  • 152
  • UPD: 22:10, 19.10.2020

Жергілікті тұрғындар осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда жұрттың жанайқайына құлақ асқан ешкім жоқ. Алатау бөктеріндегі жеміс-жидек ағаштары жоғалудың алдында тұр. Талдардың түгін қалдырмай кесіп жатқан кім? 

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі жанында заңсыз құрылыс жүріп жатқанын бұған дейін айтқанбыз. Араға апта салмай, дәл осы маңнан жеміс-жидек ағаштарын жаппай жайпап жатыр деген тұрғындардың тағы бір шағымы түсті. Аталған орынға журналистермен бірге Алматы қаласының мемлекеттік экологиялық инспекторлары және әкімдіктің қызметкерлері барған болатын.

Дінмұхамед Лесбеков, қалалық мемлекеттік экологиялық инспекторы:

– Алматы қаласының бір тұрғыны осы таулы-баулы аймақтан 24 сот жер телімін сатып алып, өзі басқа бір мақсатта құрылыс жұмыстарын жасамақ болған. Бұл жер телімінің нысаналы мақсаты жеке шаруашылық жүргізу құқығын беретін нысанаға жатады. Тұрғын үй салуға арналмаған жер. Біз қазір Алматы қаласының табиғатты қорғау полициясына ақпарат жеткіздік.

Бұл жердің иесі азаматша Анна Бекбаева екен. Ағаштарды кесуге рұқсаты болмаса да, қазаншының өзі еркі деп, жұмысшы жалдап біраз алма ағаштарын кестіріп тастаған.

Анна Бекбаева, жер телімінің иесі:

– Бұл жер – менің жекеменшігім. Не істегім келеді, өзім білемін. Маған ешқандай рұқсат алудың қажеті жоқ. Ескі ағаштарды кесіп, орнына жаңа ағаштарды отырғызамын. Кейін жанұяммен келіп демалып тұрамын.

Қала ортасындағы қарапайым тұрғындар үйінің қасындағы құлағалы тұрған ескі ағашты кестіру үшін әуре сарсаңға түсіп жатады. Ал кейбіреулер жеміс беріп тұрған сап-сау ағашты еш кедергісіз кесе береді. Ал Жасыл экономика басқармасының мамандары біз рұқсат берген жоқпыз деп отыр.

Нұрлан Құттыбаев, «Жасыл экономика» басқармасының бас маманы:

– Алматы тауларында алмабақтардың кесілуіне байланысты Жасыл экономика басқармасынан ешқандай рұқсат қағаздар берілмеген. Қазіргі таңда Алматы қаласының мамандандырылған прокуратураға және департамент полицияға хат жолданды. Осы анықталған жайттар бойынша шара қолдану үшін хат жіберілді. Солардан міндетті түрде жауаптарын алғаннан кейін әрі қарай шараларды қабылдайтын боламыз.

Жалпы тау бөктеріндегі көрікті жерлердің қаншасы жекеге сатылып кеткені белгісіз. Егер сатып алушылардың әрқайсысы ойына келгенін жасайтын болса, жеміс-жидек ағаштары көзден бұлбұл ұшқалы тұр. Ал ағаш азайса, топырақ қабатының өзгеретіні де анық. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы