422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Академик Төрегелді Шарманов 90 жасқа толды

  • 235
  • UPD: 22:19, 19.10.2020

Есімі елімізде ғана емес, дүние жүзіне белгілі академик, медицина ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманов 90 жаста, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымның мерейтойына орай Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Төрегелді Шармановтың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі зор. Ғалымның есімі әйгілі «Алматы декларациясымен» қатар аталады.

Тарихқа үңілсек, 1978 жылы кыркүйек айында Алматыда әлемнің жүзге жуық елінен келген дәрігерлер мен медицина саласының мамандары қатысқан халықаралық конференция өтті. Жиында қарапайым халыққа дәрiгерлiк көмек жүйесiн жетiлдiру, дамыту, кемшiлiктердi түзету мәселелерi қозғалады. Бұл құжат «ХХ ғасырдағы денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деген атпен тарихқа енді. Маңызды құжаттың қабылдануына Төрегелді Шармановтың қосқан үлесі өлшеусіз.

Мелитта Якаб, ДДСҰ-ның Алматыдағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету кеңсесінің басшысы:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атынан профессор Шармановты мерейтойымен құттықтаймыз. Оның әлемдік денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі орасан зор. Ал «Алматы декларациясы» Қазақстанның аймақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі медицина саласындағы абыройын асқақтатты.

Академик әлі күнге дейін жас мамандарды тәрбиелеп, ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етуде. «Ауру астан» деген сөзге терең мән берген білікті дәрігер ұлттық денсаулық сақтау саласында салиқалы іс атқарып келеді.

«Қазақ тағамтану академиясын» ашып, қазақ тағамының табиғи тазалығын әлемге танытты. Академиктің 90 жас меретойына арнайы келген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, құрмет грамотасын табыстады. Ал шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қазақы дәстүрге сай ғалымның иығына шапан жапты.

Төрегелді Шарманов, ҚР ҰҒА академигі:

– Әрбір жастың өзінің орны, белесі бар. Бақытқа жету жарқын жол емес. Қиындықпен жеңіп алу арқылы ғана адам бақытты болады. Мысалы, әкенің білімі мен тастап кеткен өсиеті арқылы қалған байлық бақыт саналмайды. Бақыт деген ұғым – үлкен қиындық.

«COVID-19-бен күрестегі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында баяндама жасаған Төрегелді Шарманов университетте Санитарлық-гигиеналық факультетті қайта құру керектігін айтты. Әлемнің танымал ғалымдары инфекцияның таралуын болдырмау және пандемияны жеңу турасында тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы