425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаудағы 128 көп қабатты үйде жеделсаты жұмыс істемейді

  • 176
  • UPD: 08:49, 20.10.2020

Мәселен, 1-шағын ауданда тоғыз қабатты 9 үй бар. Әрқайсысы бір жеделсатымен қамтылған. Өкінішке қарай, барлығы да іске жарамсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың өз пәтеріне жаяу көтеріліп, түсіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Жалпы бұл мәселені маңғыстаулық тілшілеріміз былтыр да көтерген еді. Өзекті сауалды қайта қозғап, жауапты мамандармен тілдесіп қайтқан арна тілшісі Талғат Исламұлын тыңдалық.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Александр Убейкин қаланың төменгі бөлігіндегі шағын ауданда тұрады. 9 қабатты баспана екі жеделсатымен қамтылған. «Соңғы жылдары орнатылған жеделсатымен жүру үшін арнайы карта алу керек. Өткен аптада ол да сатылымда болмай қалып, қала шарлап іздеп кеттік. Ал екіншісінің бұзылып тұрғанына он жылға жуықтады. Тек есігінің сыртына жарнама жапсыруға ғана жарап тұр» - дейді ол.

Александр Убейкин, қала тұрғыны:

- Жеделсатының есігі хабарландыру ілінетін тақтаға айналып барады. Бір үйде екі жеделсатының болғаны дұрыс қой. Адамдар кезек күтіп тұрмайды. Балалар арбасымен мына кабинаға кірсеңіз, үшіншіге орын жоқ.

Жеделсатыны қолдану үшін берілетін карталардың ара-тұра сатылымда болмай қалатыны рас. Оларды тек 4-ші және 16-шағын аудандағы кассаларға барып сатып алуға болады. Тағы бір мәселе – тұрғындарды қолданыстағы жеделсатылардың тазалығы алаңдатады. Әсіресе, жақын маңда көңіл көтеру орны болса, көп қабатты үй подъездерінен қысы-жазы жағымсыз иіс шығып тұрады.

Наталья Алмакаева, қала тұрғыны:

- Мына жеделсаты көптен бері бұзылып тұр. Осыдан болар, әжетхана ретінде ғана қолданысқа жарап тұрғаны. Үйіміздің қасында мейрамхана бар. Одан шыққандар осында келіп дәрет сындырады. Жағымсыз иіс шығатын болғасын, өз бетімізбен тазалауға тура келеді. Көршілеріміз де осы жағдайдан мезі болды.

Қала аумағында бас-аяғы 516 жеделсаты бар. Оларға техникалық қызмет көрсетуші мемлекеттік мекеме 2012 жылы жабылып қалды. Қазіргі уақытта 300-ге жақын жеделсатының жай-күйіне бір жеке серіктестік, қалғандарына басқа компаниялар жауапты. Біз барған серіктестік өкілдері былтыр 40-қа тарта көп қабатты үйдегі қос жеделсаты жаңасына ауыстырылғанын мәлімдеді.

Көпберген Жайлиев, Жеделсатыларға жауапты серіктестік басшысының орынбасары:

- Біздің қызмет көрсетіп жүрген лифтілеріміз Ақтау қалалық ТКШ бөлімінің балансында тұр. Оларда 388 лифт болса, олардың 260-сы қазіргі таңда жұмыс жасап тұр. 128-і мерзімі біткен, ауыстыруды талап ететін лифтілер. Соңғы орнатылғандарын есептегенде 36 үйде екі лифтіден жасап тұр деп айтуға болады. Бұрынғы лифтілер карточкаларын біздің мекемеге келіп, кассадан толықтырып алып кететін болса, қазіргі соңғы лифтілер контактсыз, электронды карталар. Олар онлайн режимде толтырылады банк арқылы.

Былтыр жазда 20 көп қабатты үйдің жеделсатысын жаңалауға қала қазынасынан 160 млн теңге жұмсалған еді. Жыл соңына дейін қосымша 128 млн қаржы қаралып, тағы 16 үйге соңғы үлгідегі жеделсаты қойылды. Өкінішке қарай биыл бұл салада атқарылған қандай да бір жұмыс байқалмады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы