425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Павлодарда медициналық мекемелердің жоспары бекітілді

  • 188
  • UPD: 21:03, 20.10.2020

Ертіс өңірінде коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық жоспары бекітілді. Кешенді шаралар аясында төсек-орын саны бес мыңға артты. Қазіргі уақытта аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Емханалар мен провизорлық орталықтар вирусқа қарсы шараларға дайын. 

Любовь Таничева коронавирус инфекциясын жеңіп шыққан жанның бірі. Бұрыннан жүрегі ауыратыны бар. Сондықтан аракідік ем алып тұрады. Бұл жолы  аурудың алдын алу мақсатында кардиохирургиялық орталықта емделді. Бір-екі күнде үйіне оралмақ. 

Любовь Таничева,  қала тұрғыны:

- Қазір өзім жүріп тұрамын. Жақсы болып қалдым. Ең бастысы, ауруды жеңіп шықтым. Дәрігерлер қамқорлығының арқасында аяққа тұрдым. 

Жүрегі ауыратын азаматтар дәрігерлердің жіті назарында. Себебі КОВИД-19 инфекциясын жұқтырған соң аурулары асқынып кету әбден мүмкін. Қазірде облыстық кардиохирургиялық орталықтың жанындағы 200 орындық екі бірдей стационар толық. Олардың 30 процентке жуығы коронавируспен ауырып шыққандар. 

Ақнұр Тұрсынова, кардиолог дәрігер:

- Дені сау адам вирустық инфекциямен ауырғанда өзін әлсіз сезінуі мүмкін. Жөтел пайда болуы мүмкін. Ал жүрек ауруы бар адамдар олар одан бетер симптомдарды өте ауыр түрде өткізуі мүмкін. Жүрек ауруы бар науқастар сол коронавирустық инфекциямен ауырса да, вирустық инфекциямен ауырса да біз оларды қадағалаймыз. Біздің консультацияға келеді, жүрек УЗИ-ін өтеді, кардиограмма дейді. 

Өңірде қауіпті  індеттің   екінші толқынына дайындық шеңберінде 300 орындық госпиталь ашылмақ. Қазір бұрынғы онкологиялық диспансердің ғимаратында орналасқан мекемеге құрал-жабдықтар орнатылып жатыр.  Ескі ғимаратты жөндеуге 90 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жасанды демалу аппараттары, 70 концентратор және 30 оттегі станциясы дайын. Ал төсек-орын қоры бес мыңға дейін ұлғайтылады. 

Ерғалы Асылбек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы стратегиялық даму және инновациялық технологиялар бөлімі басшысының м.а:

- Медициналық ұйымдарда құрал-жабдық тапшылығы жоқ. Облыстағы жасанды демалу аппараттырының саны үш есеге, яғни, 350 данаға жетеді. Сонымен қатар, тоғыз жаға оттегі станциясы салынуда. Науқастардың легін іріктеп, үлестіру мақсатында триаж-жүйесі әзірленді. Мобильді бригадалар саны 166-ға ұлғайды. Ал ауру жұқтыруға бейім деп саналатын азаматтардың барлығы екпе алды. 

Қазір аймақта  ПТР-тест бағасы 12 мың  теңге шамасында. Енді ол 9 мың теңгеге түседі. Бұл жөнінде келісім жасалған. Бүгінде облыстағы зертханалар желісі тәулігіне үш мыңнан астам зерттеу жасай алады.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы