423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда модульді-инфекциялық орталық ашылды

  • 255
  • UPD: 20:56, 20.10.2020

Ақтауда модульді инфекциялық орталық ашылды. 200 төсек-орынға арналған ауруханада коронавируске шалдыққан науқастарға кешенді ем жүргізіледі. Орталық озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Өзінің оттегі станциясы да бар. Сондай-ақ бүгін аймақтың жедел-жәрдем станциясы су жаңа 20 реанимобильмен толықты.

Ішінде жасанды тыныс алу құрылғылары бар мына су жаңа реанимобильдер аудандарға жол тартты. 20 жедел-жәрдем көлігінің 13-і Ақтау қаласына, 5-і Мұнайлы ауданына, екеуі санитарлық авиацияға бөлінді. 30 қазанға дейін тағы осындай 32 машина келеді деп күтілуде. Бұдан бөлек келер айда отандық екі реанимобиль жеткізіледі. Осылайша аймақтың жедел-жәрдем станциясының автопракі 100 процентке жаңарады, дейді станция басшысы. 

Айларбек Шыршықбаев, облыстық жедел-жәрдем станциясы директорының м.а.:

- Бұл әрине Маңғыстау облысына өте үлкен көмек. Мына күтіп отырған пандемияның келесі толқынына толық дайынбыз деп айта аламын. Бұл санитарлық автомашиналар медициналық жабдықтармен түгел толықтырылған. Бұрын облысымызда машиналар жетіскен жоқ. Бар жоғы 47 машинамен шыққанбыз пандемияның бірінші толқынында. Қазір 72 машина пандемияның келесі толқынында ешқандай қиналмастан шығамыз деп ойлап отырмыз. 

Енді қауіпті індетті жұқтырған науқастар әлемдік талаптарға сай салынған мына модульді инфекциялық орталықта емделеді. 8 мың шаршы метр аумақты алып жатқан аурухана 200 төсек орынға арналған. Палаталар боксталған, әр науқастың төсек орны динамикалық бақылаумен, бейнебақылаумен  жабдықталған. Әр төсекке оттегі жеткізуді қамтамасыз ететін оттекті-газдандыру станциясы да бар. Бұрынғыдай қолмен оттегі баллонын тасып әуре болудың қажеті жоқ. Мұндай ауруханалар инфекцияны жұқтырған науқастарды уақытылы анықтап, оқшаулауға және дұрыс ем қабылдауға мүмкіндік беріп, аурудың таралу қауіпін азайтады екен. Аурухана науқастарды қабылдауға дайын. Онда 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс атқаратын болады. 

Шайхмеддин Берқалиев, модульді инфекциялық орталығының басшысы:

- Науқастарды қабылдауға дайынбыз. Персонал дайын. Үйреніп жатыр. Реанимация бөлмесінде 20 орындық төсектері бәрі дайын. Әрбір төсекке тыныс алу аппарат қосымша тұр. Резервте 8 аппаратымыз бар. Кез-келген уақытта біз жұмысқа дайынбыз.

Бүгінде аймақ бойынша 215 инфекциялық төсек-орын мен 9 стационар бар. Бұдан бөлек тағы 11 стационар мен 1835 кереует қолданысқа әзір. Бұдан өзге биылғы жылдың соңына дейін Ақтауда 100 орындық қалалық көпбейінді аурухана ашылады. Коронавирустың болжамды келесі толқынын қайтаруға 2700 медициналық қызметші дайындықтан өткізілді.

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы