423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Кубогін сарапқа салған ат жарысы мәресіне жетті

  • 306
  • UPD: 00:16, 21.10.2020

Көрерменсіз бәйге. Бүгін Елбасы Кубогін сарапқа салған ат жарысы өтті. Төрт қашықтықта сынға түскен жүйріктердің арасында бабы мен бағы қатар шапқандар бәйге алды. Аяғын сындырып, мәреге жетпей зорығып өлген жануарлар да болды. Жалпы ат баптап, бәйгеге қатысу материалдық тұрғыдан қаншалықты пайдалы іс? 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Аламан бәйгеге қосқан 31 аттың иесі мен 31 бапкердің қазір жүрегі алып ұшып отыр. 25 шақырымдық қашықтықты қайсысының аты бірінші болып еңсереді? Бабы жарасқан қай сәйгүліктің бүгін бағы жанады? Оны бірер сәттен кейін білетін боламыз.

Соңғы айналымда арындатқан 12 арғымақ оза шауып, жиналған жұрттың делебесін әбден қоздырды. Бірақ, ағылшын тұқымды дөнен Қарлығаш есімді жүйрік өзгелерді шаң қаптырды. Сөйтіп, Секенай Бөбекбай баптаған Бекболат Тілеуханның аты бас бәйгені иеленді.

Талайдың өзегін өртеген жағымсыз жай да болды бұл жарыста. Асыл тұқымды сәйгүліктің бірі 25 шақырымдық шабысқа шыдамай, мәреде зорығып, өліп кетті. 

Шат-шадымен қуаныш пен құлазыған көңіл осының барлығы қашан да аламан бәйгеден көрініс табады. Мәселен, құнан бәйгеде бірінші келген Талхиз есімді сәйгүлік иесін бір мезетте қуантты да, мұңайтты да. 

Сұлтан Жоланұлы, құнан бәйгенің жеңімпазы:

-  Енді ерекше толқып тұрсыз. Себебін айтып берсеңіз... Інім дайындаған бұл атты негізі. Інімнің аты еді ғой. Інім қайтыс болып кетті. Осы кубок президента ұтамын деп осы қыстай дайындаған еді. 

Бәйгеден бәйгеге жете берейік деп, кемсеңгеден ат иесі сөзін қысқа қайырды. Ия, қазақ үшін ат жарыстырудың өзі бір той. Биыл індет жайлаған тұста бірінші рет ұйымдастырылған бәйгенің өзі көңілге медеу. Бірақ ұлттық спорттың бұл түрі ат баптайтындарға арзанға түспейтіні белгілі. Бұны жүйрігі оза шапқан атбегінің өзі растады.

Секенай Бөбекбай, атбегі:

- Мысалы, бір ат  вообщем екі мың ...доллармен, вообщем бір миллион теңге ғой. Ал ең жақсы ат бес миллион теңгеге дейін, одан жақсысы 10 миллион теңгеге дейін тұрады ғой. Әр қалай, бірақ ат таңдағанға байланысты. Қазақ айтады ғой: бір жылқының жем жеп, шөп жеп шыққан жем-суына 10 түйе бағуға болады дейді ғой.

Сонымен шығыны мол ат жарысы қаншалықты пайдаға кенелтеді? Ұлттық спорттың жанкүйері Бекболат Тілеуханға осы сауалды жолдаған едік.

Бекболат Тілеухан, ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

- Фанатиктер болмаса бар ғой, бұл аса көп пайда әкелетін іс емес. Осы ат баптаумен ауыратын жігіттер болады, ат баптағаннан жанның ләззатын рухани ләззат алады да. Сол ат баптауды өмірінің мағынасына айналдырғаны болмаса үлкен пайда түседі деп айта қою қиын.  – Енді ат баптау арзан іс емес, енді мұндай жарыстарға қатысқаннан көп пайда таппайтын шығар? Бірақ енді аты бірінші келіп жатса, шығынын жабады.

Арғымақты бір рет ғана бәйгеге қосу барлық шығынды ақтамайтын көрінеді. Атбегілердің айтуынша, ат жарысы жылына кем дегенде 10 рет өтсе, баптаған аттың шығынын өтеп алуға болады. Демек, карантин енгізілгелі атбегілердің шығыны кемімесе артқан жоқ. 

Авторлар: Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы