423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кинотеатрлар ашылуға дайын ба?

  • 156
  • UPD: 08:00, 21.10.2020
Кинотеатрлар ашылуға дайын ба?

26 қазаннан бастап елімізде кинотеатрлар ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық талап бойынша ондағы көрермен залы 30 процентке ғана толтырылуы керек. Жаңа жүйе кинотеатрлардың жұмысына қалай ықпал етпек?

Әмір Ілиясов – кинотеатр құрылғыларының қалтқысыз қызмет істеуіне жауапты маман. Сондықтан ол техникаларын сайлап, дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Бірнеше ай бос жүрген киномеханик енді үйреншікті жұмысына қайта кіріспек. 

Әмір Ілиясов, техник:

– Жарты жылдан астам уақыт жұмыссыз отырдық. Яғни табыс болмағандықтан қиын болды. Осы кезде компания бізге ептеп қолдау көрсетіп отырды. Кинотеатрдың ашылғаны жақсы болды, енді жұмысымыз жалғасып, тұрақты жалақымыз болады.

Әмір сияқты бұл мекемеде жиырмадан аса маман еңбек етеді. Олардың әрбірі өзіне жүктелген міндетті орындап жатыр. Кешен карантин кезінде жұмысшылар мен коммуналдық төлемдерді есептегенде 1 млрд теңге шығынға ұшырапты. Оны қайтару үшін бір жарым жылдан аса уақыт керек дейді кинотеатр әкімшісі.

Қайрат Баймырзаев, кинотеатр әкімшісі:

- 30 процентпен біз тек қана 0-ге шығып отырамыз. Жұмысшыларға жұмыс береміз. Жалақысын төлейміз. Электр қуатын төлейміз. Болды, одан артық пайда түседі деп ойламаймын. 30 проценттік толтырыммен жұмыс істесек соған да риза боламыз.

Кешенде 400 орындық үш кинотеатр залы бар. Қазір мамандар солардың әрбіріне санитарлық талапқа сай залалсыздандыру құрылғыларын қойып жатыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Кинотеатрда кино көретіндер енді дене қызуын өлшетіп, қолын залалсыздандырғаннан кейін ғана ішке кіргізіледі. 150 орындық залда 45 адам отырады. Яғни көрермендер әрбір үшінші орынға жайғасып, кино көретін болады.

Кинотеатрлар бес күннен кейін ашылып, жұмыс істей бастайды. 30 проценттік толтырым қандай нәтиже береді? Оны уақыт көрсетпек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы