423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Астанадағы ақылы көлік тұрақтары қала бюджетін 500 млн теңгеге толықтырды

  • 293
  • UPD: 09:27, 21.10.2020
Астанадағы ақылы көлік тұрақтары қала бюджетін 500 млн теңгеге толықтырды

Елордада ақылы тұрақтардың тікелей қызметі қала бюджетін жалпы сомасы 21,7 млн теңгеге (түсімдегі үлесі мен салықтар) толықтырды.

Қазіргі сәтте фотобейнетіркеудің мамандандырылған мобильді кешендері 200 мыңнан аса бұзушылықтарды тіркеп, қала бюджетін 500 млн теңгеден асатын сомаға толықтырды.

Қаңтар-қыркүйек айларында Нұр-Сұлтан қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасына тіркеліп жіберілген тұрақты төлемегені үшін бұзушылықтардың саны 11 мыңды құрады. Өткен жылы осы кезең ішінде 23,18 мың бұзушылық тіркелген. Төлемдер мен айыппұлдардан түскен ақшалай қаражат жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қала бағдарламаларын қаржыландыру үшін қала бюджетіне түседі.

«Кез келген дамыған қала уақыт өте тұрақтарды ақылы етуге мәжбүрлі. Астана да осы тәжірибеге келді. Біздің компаниямыз жер телімдерінің меншік иесі болып табылмайды. Олар Нұр-Сұлтан қаласының көше мен жол желісінің бөлігіне жатады. Жобада бюджеттік қаражат жоқ», – деді өз сөзінде «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев.

Ақылы тұрақтар жүйесі толығымен 1,2 млрд теңгеден асатын сомаға тартылған жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. 2020 жылы жобаны кеңейтуге жұмсалған инвестициялар 600 млн теңгеден асып, қала бюджетінің жүктелімін төмендетуге мүмкіндік берді.

Қазан айында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша төлем қарастырылған «Заңды тұлғаларға арналған абонементтер» жобасы іске қосылды. Корпоративтік абонементтердің пайдаланушыларына электрондық шот-фактуралар мен орындалған жұмыстардың электрондық актілері ұсынылады. Абонемент көліктің мемлекеттік нөміріне бекітіледі. Абонемент иесі арнайы құжаттарды ұсынбастан барлық ақылы аймақтарға көлігін қоя алады. Жүйе автоматты түрде төлемнің бар екендігін анықтайды. Мүгедектер мен азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС компаниясында құжаттарды тиісті түрде ресімдеген кезде тұрақ тегін.

Қазіргі сәтте Нұржол бульварында 487 тұрақ орны толық жұмыс істеуде. Есіл, Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр аудандарында 5 мың тұрақ орны іске қосылуға дайын. Оларды іске қосу мерзімі қала әкімдігіне байланысты. Ақылы жүйені іске қосу мерзіміне жақын халық арасында ақпарат тарату жұмыстары жүргізіледі. Аталған тұрақ аймақтарын іске қосқан кезде қаладағы ақылы тұрақтардың саны 10 есе артады. Ақылы режимге өту туралы ақпарат БАҚ, astanapark.kz сайтында және компаниялардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.

Ақылы тұрақ аймақтарын фотобейнетіркеумен айналысатын мамандандырылған мобильді кешендер бақылайды. Тұрақтардағы бұзушылық фактілері әкімшілік полицияна жіберіледі. Төленбеген тұрақ үшін айыппұл – 3 АЕК. Демалыс, мерекелік күндері, сонымен бірге сағат 20:00-ден кейін тұрақ тегін. Тұрақ құнын тек қана жұмыс күндері таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін төлеу қажет.

Ақылы тұрақты енгізу арқылы астана көшелерінің жүктемесін азайту жөніндегі жоба Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылғы 15 қаңтарда іске қосылды. Ақылы тұрақтардың жұмысымен байланысты барлық сұрақтар бойынша жұмыс күндері таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін 8 800 080 2888  нөмірі бойынша бірыңғай байланыс-орталығына хабарласуға болады. Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін.

Ақылы тұрақтардағы бір сағат құны – 100 теңге. Тұрақ үшін төлем тұрақ сессиясы басталғанға дейін алдын ала төлем бойынша жүргізіледі. Тұрақ құнын көлік тоқтаған сәттен бастап 30 минут ішінде төлеу қажет. Тұрақтар таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Тұрақ құнын төлеу әдістері:

– «Парковки Астаны» мобильді қосымшасы;

– astanapark.kz сайтындағы жеке кабинет;

– Kaspi.kz қосымшасы;

– SENIM қосымшасы;

– «Касса24» сайты мен терминалдары;

– 10, 20, 50, 100 теңгені құрайтын монеталарды қабылдайтын паркомат.

Хабар 24 телеарнасы