420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Зайсан көлінде тұрған бөгеттен ауыл тұрғындары қауіптене бастады

  • 229
  • UPD: 21:15, 21.10.2020
ШҚО-дағы Зайсан көлінде тұрған бөгеттен ауыл тұрғындары қауіптене бастады

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде тұрған бөгеттен ауыл тұрғындары қауіптене бастады, хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жұрттың айтуынша, гидрогеологиялық құрылғы тозған. Бетон жабындылары сөгіліп, жыл сайын жұқарып барады. Егер осылай жалғаса берсе, бөгет жарылып, жағаны толқын шаюы мүмкін. «Су көтерілсе, жағдай ушығады», - дейді тұрғындар.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Зайсан көліндегі бұл бөгет 1950-1960 жылдары салыныпты. Кезінде су көлік қатынасына, баржалар мен метеорлардың аялдауы мақсатында және жағаны толқын шаймас үшін жасалған. Алайда ұзындығы екі шақырым болатын бөгет ешкімге керексіз болып қалды. Іргедегі Тұғыл ауылының көнекөздерін алаңдатып отырған жай да осы.

Әміре Егінбаев, ауыл тұрғыны:

- Заман өзгергеннен кейін ол қараусыз қалды, ең бастысы сол. Оның иесі жоқ сияқты. Бірақ балықшылар пайдаланып жүр. Бұрын метеор жүріп, пристань жұмыс істеп тұрған, сол кезде қаралған. Дамбаға барып, кейде бос уақытта қармақ саламыз, сонда ар жағында көрді. Шайып кеткен, опырылып тұр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Салынғалы бері бөгет бірде-бір рет жөндеу көрмеген.Тамшы тасты да теседі. 60 жылға жуық жамап-жасқамағандықтан тозығы жетіп, бетон жабындылары мүжіліп, ортасындағы құмды ығыстырып жатыр. Ондағы жұртшылықың айтуынша, алда-жалда дамба жарылып, су көтерілсе, жағадағы ауыл су астында қалуы ықтимал.

Нәзипа Кешубаева, ауыл тұрғыны:

- Көл ғой бұл, табиғи көл табиғат апаты деген өзі аяқ-асты, барлығы қазір аяқ-асты. Қарап тұрсыңдар ғой, міне, жағаны шайып жатыр, құлатып жатыр, ауылға ақырындап-ақырындап жылдан жылға білінбей келе жатыр.

Аудан әкімдігі бөгетті осыдан 3 жыл бұрын өз меншігіне алыпты. «Енді ақау актісін жасау үшін зерттеу шараларын өткіземіз», дейді. Ал көл суы көтерілмейтініне нық сенімді.

Жанар Жақыпова, Тұғыл ауылдық округі әкімі  аппаратының бас маманы:

- Көл ондай көтерілмейді ғой, өз платиналары бар, оның барлығы реттеліп отырады. Ауданнан да барлық жұмыстар жасалып жатыр, оның әлі астын тексерген жоқ ешкім. Ол дамбаның асты қалай тұр? Жөндеу жұмыстары қаншалықты керек? Ол зерттелмеген.

Арнайы мамандар су астына түсіп, бөгеттің жағдайын зерттеп беру үшін 1 миллион теңге сұрап отыр. Қазір аудан басшылығы осыны шешу жолдарын қарастыруда. «Өйткені қайткен күнде де бөгетті қалыпқа келтіріп, сақтап қалған абзал», - дейді.Себебі, біріншіден, ауданның мәдени туристік нысаны ретінде, екіншіден, болашақта су көлігі қайта жанданса, қажет болары анық.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы