423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордалық шаруалар: Агробизнеске қолдау қажет

  • 159
  • UPD: 23:08, 21.10.2020
Қызылордалық шаруалар: Агробизнеске қолдау қажет

Агробизнесті қолдауы тиіс аграрлық несие корпорациясының саланы қолдауға қаржысы жоқ.

Қызылордалық шаруалар осылай дейді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы несиелендіру ісі тоқтап тұр, хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкерлер уәкілетті органдардан қаржыландыру ұйымына қосымша қаражат бөлініп, кепілдендіру саясатының қайта қаралуын сұрайды.

Сырдария ауданының тұрғыны Әсемкүл Айкөпешова шағын қожалығын тар жерге өз қолымен тұрғызды. Кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып, алдымен 10 бас қой сатып алды. Экономист мамандығын меңгерген көп балалы ананың жоспарында біраз шаруаны тындыру бар еді. Бірақ қораны кеңейтіп, түлік санын көбейтуге ынталы алтын алқа иегерінің алдынан шыққан кедергілер көп болып тұр.

Әсемкүл Айкөпешова, Сырдария ауданының тұрғыны:

- Жайылым жер бар, шөп бар. Өзіме де тиімді мал басын көбейтемін, сүтін сатамын, балаларыма да ағарған болады. Талап бар, біз несие алғымыз келеді. Бірақ қаржы жағына келген кезде біз көтере алмаймыз. Басқа банкілер бізден үй сұрайды кепілге. Біздің үйді ауылдық жер деп алмайды.

Қаржы ұйымдары қазір ауыл шаруашылығы саласының жобаларына ақша құюға құлықсыз. Ал Аграрлық несиелеу корпорациясы қаражат жеткіліксіздігін алға тартып отыр. Бұны статистикалық мәліметтер де растайды. Өңірде соңғы бір жарым жыл ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жүзден астам жоба мақұлданып, 83-і Аграрлық несиелеу корпорациясы арқылы қаржыландырылған. Ал екінші деңгейлі банктер тарапынан тек бір ғана бизнес жобаның жүзеге асуына ықпал жасалған.

Қайрат Боранбаев, Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы:

- Агронесие корпорациясының жаңа жобаларды қаржыландыратын мүмкіндігі жоқ. Ал Ұлттық банк өз кезегінде мемлекеттік кепілдік болуын талап етеді. Жалпы осы кепілдік мәселесін шешу үшін жылға жуық уақыт кетеді. Біріншіден, ауылда орналасқан жылжымайтын мүлік пен техника кепіл ретінде бағаланбайды. Екіншіден, проценттік мөлшерлемесі жоғары. Үшіншіден, ұсынымдар екінші деңгейлі банктерде ұзақ қаралады. Және ол жобаның қолдау табатынына сенімділік жоқ.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша аймақ шаруаларының жаңа жобаларын қаржыландыруға бөлінген 1 миллиард теңге қазір түгесілді.

Сәкен Әбенов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры:

- Биылдыққа біздің несие корпорациясы арқылы республика бойынша 40 млрд теңге бөлінген болса, осы 9 айдың қорытындысымен барлығын таратып, шаруашылықтарға бердік. Сұраныс үлкен, көп шаруашылықтар бізге келіп, осы ақшаны алғысы келеді. Бірақ бізге ақша жоғары жақтан бөлінеді. Әр облысқа өзінің үлесі беріледі.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өңір кәсіпкерлерін пандемия туғызған дағдарыстан шығуға арналған жіпсатыға айналғандай еді. Соның арқасында облыста 2306 жаңа шаруа қожалығы құрылып, олардың шағын және орта бизнестегі үлесі 17 ден 21%-ке дейін артты. Агротауар өндірушілерінің әрі қарай аяққа тұрып кетуіне жоғарыда айтқан тиімді несиелеу және кепілдендіру саясаты қажет.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

 

Хабар 24 телеарнасы