425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО тұрғындары қырылған құстары үшін өтемақыларын ала алмай жүр

  • 193
  • UPD: 23:31, 21.10.2020

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар қырылған құстары үшін өтемақыларын толық көлемде ала алмай отыр, хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күні Якорь ауылының тұрғындарына республикалық індетке қарсы отрядтың мамандары жойған құстар үшін ғана қаражат төленген. Қалған қаржы қашан аударылады?

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Якорь ауылының тұрғыны Александр Засыпкинның мыңға жуық құсы тұмаудан қырылды. Есеп бойынша оған 5 миллион теңге көлемінде өтемақы берілуі тиіс еді. Алайда оған тек 1,5 миллионы ғана аударылған.

Александр Засыпкин, Якорь ауылының тұрғыны:

- Бастапқыда не ауру екенін білмеген соң «құстарды өздерің өртей беріңдер» деді. Сәйкесінше, ол үшін жергілікті ветеринарлар акт жасады. Бүгінгі күні бес акт өткіздім. Оның екеуіне ғана қаржы төленді. «Қазір өзіміздің мал дәрігері жасаған құжаттар дұрыс емес» деп айтып отыр.

Құс тұмауы басталғаннан бері жеке тұрғын үйлерде 21 мыңға жуық құс жойылды. Бүгінде тек 53 азаматқа 73 миллион теңге өтемақы төленген.

Жаңалық Салғарин, Якорь ауылының тұрғыны:

- Теркомның қызметкерлері келіп өртеді. 900 басқа акт жасалды. Сол енді акт тосып отырмыз. Әлі күнге дейін ешқандай қозғаушылық жоқ.

Ал, жауаптылар: «қаржы барлығына кезең-кезеңмен төленеді» деп сендіріп отыр. Әзірге тек қыркүйек айы үшін ақша аударылған.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Республикалық індетке қарсы жасақта бір спецификаны екінші спецификаға ақшаны ауыстыруға байланысты Казначействоның қызметінде шоттары бұғаттаулы болды. Сондықтан да осындай кішкене жұмыс тоқталып қалған да. Алдында карантинге дейін қырылған құстардың иелерінің құжаттары тексеріліп толтырылып, содан кейін қарастырылып төленетін болады.

Жалпы құс тұмауы басталғаннан бері өңірде фабрикаларды қоса алғанда 455 мыңға жуық құс қырылды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы