422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетімдерге баспана қашан бұйырады?

  • 171
  • UPD: 23:56, 21.10.2020

Қостанайлық Дмитрий Кузьмин жылы аялдамада түнеп жүрсе, елордалық Иван Юленков біреудің ескі үйін паналап отыр, хабарлайды «Хабар 24».

Екеуі де жетімдер үйінде тәрбиеленген. Олардың қиын тағдырын көрген волонтерлар тілшілерден көмек сұрады. Қыс болса таяп қалды. Ал, олардың барар жері жоқ.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Дима Кузьмин жетімдер үйінде тәрбиеленген. 2 жыл бұрын колледжге оқуға түсіп, тігінші мамандығын алды. Айтуынша, наубайшы болғысы келіпті. Алайда, ол мамандыққа квота болмаған. Студент кезінде жатақханада тұрды. Қолына дипломы мен бір реттік жәрдемақы алғаннан кейін колледжден кетуіне тура келді. Қалтасындағы ақша 2-3 ай пәтер жалдауға ғана жетіпті. Күн көру үшін ауылға барып, бақташы да болады. Кейін денсаулығы сыр берген.

Дмитрий Кузьмин, балалар үйінің түлегі:

- Ақшам таусылғаннан кейін екі аптадай жылы аялдамада түнеп жүрдім. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып сұрағанымда 1577-ші болып кезекте тұрғанымды айтты.

Әр жерге түнеп, көше кезген Диманы волонтерлер байқайды. Қайырымды жандар уақытша баспанаға орналастырып, жылы киім әпереді.

Олеся Логошиновачевская, «Дос» іздестіру-құтқару жасағының үйлестірушісі:

- Оны толық медициналық тексеруден өткізгіміз келеді. Жүрегінде ақау бар. Шабында жара анықталып, екі рет операция жасаттық. Біз оны тапқан кезде үстінде мектепте киген костюмі болды. Жұмысқа орналастыру туралы әлі ойлап жатқан жоқпыз. Себебі, жас бала ғой. Денсаулығын дұрыстауы керек.

Еріктілер жұмыспен қамту орталығына хабарласып, Диманы жергілікті колледжде қайта оқытпақшы. Олесяның айтуынша, жетімдер үйінен шыққан жасөспірімдердің тағдыры тым ауыр. Дима сияқтылар аз емес. Жеңілдікпен берілетін үйдің кезегі алыс, көбінің барар жері жоқ. Аяғында теріс жолға түсетіндері көп.

Әсет Айсин, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол бір рет мемлекет есебінен тегін оқып, колледжі тәмамдады. Екінші рет оқу ақылы болады. Енді 3 жыл 10 айлық оқу ақысын төлеу үшін демеушілер іздейміз.

Ал, Иван Юленков бас қаланың дәл орталығында үй деуге келмейтін жерді жалдап тұрып жатыр. Ол да жетімдер үйінде өскен. Кейін колледжде оқып, жатақханада тұрыпты. 2005 жылы баспана кезегіне тіркелген. Алайда әлі хабар жоқ. Қара жұмыс істеп жүрген жігіт карантин кезінде қиналып қалғанын айтады.

Иван Юленков, балалар үйінің түлегі:

- Үй кезегінде Ақмола облысы Астраханка ауылында тұрмын. Бірнеше рет әкімдікке хабарласып, сұраған едім. Ешкім нақты жауап бермейді. Жалақым өте аз. Қыста отын алу керек. Ауылда жұмыс болмағасын, елордаға келдім. Ескі үйдің бір бөлмесіне 40 мың теңге төлеймін. Ағам бар. Олда осылай әр жерді паналап жүр.

Иван айтқан Астраханка ауылында 15 жылда тек 10 бала үйлі болған. Яғни, құрылыс қарқыны төмен. Біз сөйлескен жетімдердің жалғыз тілегі – баспана. «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес өңірлерде салынған үйлердің 20%-і жетім балаларға берілуі тиіс. Жетім баланы 6 айдың ішінде міндетті түрде кезекке қою керек. Оны дер кезінде орындамаған мемлекеттік қызметшілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, екі мыңнан астам бала кезекке ілінбей қалған жағдай да болған.

Дулат Жекебаев, ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Тексерістер қорытындысы бойынша 2 маман жұмыстан босатылды. 10 маман әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Және сексеннен астам адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Үй кезегіне қойылған жетім бала баспаналы болғанша кезектен шығарылмайды. Олардың жасына да шектеу жоқ. Министрлік өкілінің айтуынша, соңғы 5 жылда 5500 жетім бала баспаналы болған. Ал, кезегін күтіп, осы санаттағы 60 мың адам тұр. Олардың ішінде Дима мен Иван да бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Наталья Строкова, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы