425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресеймен шекаралас аумақтардағы эпидахуал алаңдатып отыр – ақтөбелік санитарлар

  • 198
  • UPD: 21:10, 22.10.2020

Ақтөбелік санитарлар Ресейдің елімізбен шекаралас аумақтарында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына алаңдаулы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі облысты көрші мемлекетпен байланыстыратын екі шекара бекеті бар. Наурыз айынан бері бұл нысандарда санитарлық посттар жұмыс істеп тұр. Яғни шекарадан өткен әрбір азамат қатаң тексеріледі.

Мәртөк ауданында орналасқан «Жайсаң» шекаралық бекеті. Орынбор қаласымен байланыстыратын күре жолдың бойында орналасқан. Яғни Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі. Сондықтан бұл жерден жолаушылар тәулік бойы үздіксіз өтіп жатады. Қазіргі карантиндік кезеңнің өзінде күніне 500 адамға дейін жетеді. Алайда бүгінде шекараны кесіп өтудегі жолаушыларға қойылатын басты талап – дені сау, қоғамға қауіпсіз болу.

Нұргүл Тойманова, Мұғалжар аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:

– Анықтамасы жоқ ҚР азаматы болып табылмайтын адамдар кіргізуге жіберілмейді. Ал еліміздің азаматтары анықтамасы болмаған жағдайда екі тәулікке карантиндік стационарда оқшауланады.

Қазан айының басынан облыс төңірегінде 30-ға жуық жанның қатерлі дертті жұқтырғандығы белгілі. Және олардың бірқатары дәл осы шекаралық бекеттен өткен. Мәселен, 46 жастағы Ресейден келген әйел азаматы тұмауратып, халі мүшкіл болған. Сондықтан оны дәрігерлер карантиндік стационарға жатқызды.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Бұл – шекараға ең жақын карантиндік стационар. Жайсаң көпсалалы колледжіне тиесілі ғимарат қазір жолаушыларды қабылдауда. ПТР анықтамасы жоқ немесе денсаулығында ақауы бар жандар осы жерге жеткізіліп, тиісті сынамалар алынады.

Қазірдің өзінде карантиндік стационарда 27 жолаушы оқшауланған. Барлығының да денінің саулығын растайтын анықтамасы болмаған. Санитарлық қауіпті аймақ болғандықтан, қорғаныш құралдарын киген дәрігерлерден өзге жанға негізгі ғимаратқа кіруге рұқсат жоқ.

Нұрсейіт Кішкентаев, Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Шекарадан 2-3 адам болып топтасып келеді де, солар бір палатада бөлек орналасады. Келесі кісілер бір палатада бөлек, екі адам болса да, үш адам болса да бөлек орналасады. Мүмкіндігінше байланыс аз. Келген кісілерге мүмкіндігінше өздерінің маскалары, болмаса біздердің маскамен қамтамасыз етуге тырысамыз.

Қазан айының алғашқы аптасынан 450-ге жуық жолаушы шекара маңындағы карантиндік стационарға жеткізілген. Сараптама нәтижесі 5-інің коронавирус індетін жұқтырғандығын көрсетті. Сәйкесінше, олар жұқпалы аурулар диспансеріне жөнелтілді. Қазір Мәртөк аудандық ауруханасында 8 науқас ем қабылдауда. Олардың тек үшеуі – ғана жергілікті тұрғын. Дәрігерлер науқастардың жағдайы қалыпты, өмірлеріне қауіп жоқ деп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы