425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында жабық базарлар мен фитнес орталықтары ашылады

  • 212
  • UPD: 23:27, 22.10.2020

Ертеңнен бастап Маңғыстау облысында жабық базарлар, сауда орталықтары аптасына алты күн жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенбі күндері тек 17.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Ал жексенбіде жабылады.

Аймақтың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы бүгін түнгі сағат 12.00-де күшіне енеді. Оған сәйкес толымдылығы 30 адамнан аспайтын фитнес залдары өз қызметін жандандыра алады. Кинотеатрлар да осы тәртіппен 26 қазаннан бастап ашылуы тиіс.

Бұл – қала сыртындағы жабық базар. Кешен әкімшілігі сенбі күні де санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, жұмыстарын жалғастыратындарын айтып тұр. Жаңа қаулыға сәйкес базардың көкөніс, дәнді дақылдар сатылатын бөлігі таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін ашық тұрады. Бұл жаңалықты естіген сатушылардың қуанышында шек жоқ.

Светлана Коновалова, жеке кәсіпкер:

– Жексенбіде жұмыс істеуімізге рұқсат берілсе, тіптен тамаша болар еді. Санитарлық талаптарды сақтау қажеттігін әрқайсысымыз да жақсы түсінеміз. Және оны бұзбауға тырысамыз.

Любовь Омельщенко, базар әкімшісі:

– Азық-түлік сататын кәсіпкерлер өз жұмысын аптаның бес күнінде сағат 9-дан 5-ке дейін жалғастыра береді. Енді сенбі күні де ашық тұруымызға рұқсат беріліп жатыр. Ал жексенбі болса бұрынғыдай демалыс саналады.

Екі апта бұрын өлке тұрғындарына спорттық кешендерге баруға тыйым салынған еді. Ертеңнен бастап бұл шектеу алынады. Мына фитнес орталығы ұжымы қайта ашылуға дайындалып жатыр. Әр бұрышқа санитайзер қойып, ғимараттың желдету жүйесін тексеріледі. Басты талаптың бірі – залдың сыйымдылығын 30 проценттен асырмау керектігін біледі.

Валерия Пак, фитнес орталығының әкімшісі:

– Техникалық ұжым күніне үш рет барлық тренажерді микроб жойғыш ертінділермен өңдейді. Сондай-ақ айына бір күн толық санитарлық тазалауға жабыламыз. Залдың жалпы аумағы – 700 шаршы метр, бір мезетте 80-100 адамды қабылдай аламыз. Бірақ қазіргі талапты орындаймыз. Сақтық шаралары әрдайым назарда ұсталады.

Маңғыстаулықтар алты ай күткен басты жаңалық – кинотеатрлардың ашылуы. 26 қазаннан бастап киносүйер көпшілік бұл нысандарға арнайы бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес бара алады. Бұдан бөлек, кинотеатрда 100 орын болса, тек 30 адам кіре алады. 

Әсима Жарылғасова, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Кинотеатрлар жұмыс күндері кешкі сағат 10-ға дейін, сенбіде 17.00-ге дейін ашық тұрады. Кірер кезде әр адамды термометриялық құралмен дене қызуы өлшенеді. Нысанның желдету жүйесінде ақаулық болмауы керек. Жалпы осындай талап сауда және қоғамдық тамақтану орындары, өндірістік мекемелерге де қойылып жатыр.

Айта кетейік, өңірде бильярд және компьютер клубтары, ойын-сауық мекемелері, банкет залдары мен түнгі клубтардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. Ата-аналар мектепке дейінгі жастағы балаларын бөбекжайдағы кезекші топтарға ғана бере алады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы