423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында STEM білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді

  • 175
  • UPD: 23:34, 22.10.2020

Аймақ ұстаздары әсіресе роботты техникаға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі оған оқушылардың қызығушылығы зор. Соған сай, кабинеттер де жақсы жабдықталуы тиіс. Осы мақсатта биыл облыстық бюджеттен 96 млн теңге қаржы бөлінген. Айта кетейік, STEM – ғылым, технология, инженерия және математика пәндерінің қосындысы. Яғни осы пәндерден алған теориялық білімді тәжірибе жүзінде іске асыру.

Ақмола облысында қазір 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін робототехника пәні берілетін 2 бірдей АйТи мектеп-лицей бар. Заманауи білім ошақтары Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласында орналасқан. Оларда 1 жарым мыңнан астам бала оқиды. Ал ондағы сабақтардың барлығы ақпараттық технологиялармен тікелей байланысты.

Марат Күлбаев, ІТ мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі:

– Робототехника, стем пәндерінің мақсаты – инженерлік мамандықтарға оқушылардың қызығушылығын арттыру. Біздің ашылғанымызға 2 жыл болды. Бірінші түлектер бір жыл ғана оқыды. Соның өзінде бірсыпыра оқушы АйТи мамандыққа түсті. Биылғы жылғы бітірген түлектеріміздің 80 пайызы инженерлік мамандықтарға түсті.

Ал Степногорск қаласындағы «Күншуақ» балабақшасының бүлдіршіндері құлтемір құрастырудың негіздерін әлден меңгеріп жүр. 4-5 жасар балалар робот тышқанды ғана емес, басқа да ақылды ойыншықтарды еркін басқарады. Тәрбиешілердің айтуынша, енді олар болашақта мектептегі робототехника пәнін тез игеріп кетеді.

Құралай Якубаева, тәрбиеші-жаттықтырушы:

– Робототехниканы біз «Сөйлеуді дамыту», «Математика негіздері», «Сауат ашу негіздері» сабақтарына қолданамыз. Робототехника негізі қол маторикасын дамытады, шығармашылық қабілеттерін арттырады. Және біз 2019 жылы Робомаус конкурсына қатысып, 3-орынды иелендік.

Жалпы Ақмола облысында қазір 15 мыңға жуық бала робототехникамен әуестенеді. Олардың үздігін анықтап, білімін шыңдау үшін аймақта жыл сайын арнайы байқау өткізіліп тұрады. Балаларды осы салаға баулитын мемлекеттік және жекеменшік мекемелер де көбейіп келеді. Ал жақында Көкшетауда барлық заманауи қондырғылармен жабдықталған «Болашақ сарайы» атты оқушылар орталығы өз есігін айқара ашпақ.  

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы