425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңаөзен қаласында теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салынады

  • 207
  • UPD: 23:36, 22.10.2020

Кендірлі аймағында бой көтеретін кәсіпорын шаһардың ауыз суға қажеттілігін толық өтейтін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы Жаңаөзенді дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда 48 жоба жүзеге аспақ. Үкіметтің қолдауымен жарты ғасырлық тарихы бар шаһар күн санап көркейіп келеді. Қала күні қарсаңында халыққа қызмет көрсету орталығы мен әуенді субұрқақ ашылды.

Елу жылда ел жаңа. Өткен ғасырдың 68-жылы вахталық ауыл ретінде құрылған Жаңаөзен бүгінде 155 мың тұрғыны бар алып шаһарға айналған. Сәуле Қожанепесова Жаңаөзенмен түйдей құрдас, осыдан 52 жыл бұрын мұнайшылар отбасында дүниеге келген.

Сәуле Қожанепесова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

– Қала ол кезде шаң, салқын. Әйтеуір қиын. Әкем жұмысқа кеткенде келмей қалады жұмыстан. Сонда біз әкемді күтіп отыратынымыз есімде. Телефон жоқ ол кезде. Анам сол кезде аман-есен келсе екен деп тілейтін. Қазіргідей тамақ беретін асханалары да жоқ. Өте қиын кездерді ата-анамыз өткізді. Қазір Аллаға шүкір, Жаңаөзен қаламызды тіпті танымайсың. Көркейіп, жарқырап кетті.

Мемлекеттің қолдауы мен Үкімет бекіткен моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында қаланың келбеті көркейіп, инфрақұрылымы дамыды. Биыл тағы да алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспар бекітілді. 48 жобаны жүзеге асыруға түрлі қаржы көздерінен 62 млрд теңге қаржы бөлінбек. Қомақты қаражатты игеру басталып кетті. Жаңаөзенге қарасты Рахат ауылында мәдениет үйі салынып жатыр. Ал ашылғалы жөндеу көрмеген қалалық мәдениет үйі жаңаруда. Күрделі жөндеу жүргізіліп, сахна ауыстырылды. Бірнеше мектеп жөнделіп, қажетті құралдармен жабдықталды. Орталық көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделді.

Мақсат Ибағаров, Жаңаөзен қаласының әкімі:

– Қордаланған мәселелер – ескі үйлер. 52 үй бар. Кешенді жоспарға кірген. 27 үйге құжат жасағанбыз. Оның бәрі «Самұрық Қазынаның» көмегімен осы жылы жобаға қарай 3 үйді жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Осы бір айдың ішінде бітіреміз деп күтілуде. Осы 3 аптадай болды жасап бастағанына. Сонымен қатар келесі жылға 24 үйді ЖКХ бағдарламасы аясында бюджеттен қаржыландырып, жөндейміз деген жоспарымыз бар.

Қаладағы ауыз су тапшылығы да осы кешенді жоспар аясында шешімін таппақ. Кендірлі аймағынан теңіз суын тұщытатын ірі зауыт салу көзделіп отыр. Қазір жобаның техникалық негіздемесі жасалып жатыр. Тәулігіне 50 мың текше метр су өндіріліп, халыққа таза ауыз су ұсынылады. Бұл Жаңаөзен жұртшылығының тіршілік нәріне деген сұранысын толық өтейді дейді қала әкімі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы