425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда жылы аялдамалар әлі күнге дейін жабық тұр

  • 156
  • UPD: 09:23, 23.10.2020

Атырау қаласында халық иігілігі үшін орнатылған жылы аялдамалар әлі күнге дейін жабық тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауа райы салқындаған уақытта жылынар жер таппаған тұрғындар да наразы. Жыл бойы пайдаланылмай, халыққа қолжетімсіз болып тұрған ерекше тұрақтардың қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

Мұнайлы шаһардың орталық көшелерін қайта жаңарту және кеңейту жобасы аясында былтыр 47 жаңа аялдама орнатылған еді. Оның алтауы арнайы жабдықталған. Яғни, жазғы мезгілде салқындатқыш, күн суытқанда жылыту жүйесі іске қосылуы керек. Қыс жақындап, күн салқындаса да, бұл аялдамалар әлі күнге дейін жабық тұр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Міне, күздің аяқталып, қыстың да келер уақыты жақын. Алайда, халық игілігіне салынған мынадай аялдамалардың есігі қазір тарс жабық тұр. Таң атысымен жұмысқа, күн бата үйіне асыққан тұрғындар үшін бұл қазір қолайсыздық тудырып отыр.

Блиц 1:

- Ашылып, халықты ойлаған дұрыс қой. Біз зейнеттегі адамдар тоңамыз.

Блиц 2:

- Ашылу керек қой енді. Қыс келе жатыр, адамдар тоңып тұрады. Әне, отыр ғой бәрі. Жаздай жабық тұр ғой. Жазда кондиционер қосылып тұру керек. Жабық жалпы, ашу керек.

Блиц 3:

- Ашылу керек қой салынғаннан кейін. Міне, қарт кісілер тұр. Кіргісі келеді осында қысқы күні. Сол ғой. Сіздің ойыңыз қандай, менде де солай. Міндетті түрде ашылуы керек.

Қараусыз қалған аялдамалар үйсіз-күйсіз жүргендердің баспанасына айналған. Олар құлыптаулы тұрған есікке қарамай, ішке сындырып кіретін көрінеді. Шаһардағы бұл жылы аялдамаларды пайдалануға беру үшін мекемелер арасында тендер де өткізіліпті.

Гүлхан Ғалымжанова, қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

- 13 қазанда тендер ашылып, арнайы мердігер ұтып алды. Ұтқан мердігердің ең басты талабы – ол аялдамаларды таза ұстау, жабық аялдамалардың жазда салқын, қыста жылы болуын қамтамасыз ету. Аялдамалардың барлық коммуналдық қызметтерін төлеу.

Аялдамалардың жәй-күйін бақылауға алып, оларды күтіп ұстайтын мердігер мекеме қашан іске кірісетіндерін нақты айтпай, жауаптан жалтарып отыр. Жыл бойы жабық тұрған ерекше тұрақтардың ашылып, қашан халыққа қолжетімді болатыны әлі күнге дейін белгісіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы