423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

М.Әшімбаев: Ауыл тұрғындарының табысын молайтып, инфрақұрылымды жақсарту керек

  • 173
  • UPD: 15:50, 23.10.2020

«Еліміздегі әрбір бесінші ауылда білім беру нысандары ескірген.Медицина мекемелерінің жағдайы тіпті мүшкіл».

Бүгін Сенатта өткен парламенттік тыңдау барысында ұлт ұясы саналатын ауыл-аймақ мәселелері көтерілді. Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстан халқының 41%-і ауылда тұрады. Сондықтан тұрғындардың табысын молайтып, инфрақұрылымды жақсарту керек», - дейді. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен. Орнықты дамуға қажетті жүйелі саясат жоқ. Бұл ретте сенаторлар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ұлттық жоба мәртебесін беру бастамасын көтерді. Сондай-ақ елді мекендерді дамыту республикалық бюджеттің басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Сенатор Ақылбек Күрішбаев былтыр ауылдан жарты миллионға жуық адам қалаға көшіп кеткенін айтады. Бұған жұмыссыздық пен инфрақұрылым мәселелері түрткі болған. Оның үстіне, ауылдағы демография соңғы алты жылда күрт төмендеп кетті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылдағы инфрақұрылымның сапасын арттыру жөнінде де алдымызға нақты міндеттер қойды. Халқымыз үшін ауылдың орны бөлек. Бәріміздің тамырымыз сол ауылға барып тіреледі. Ауыл біздің ұлттық кодымыздың, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі, егемендігіміздің мызғымас тірегі. Сондықтан ауылды дамытудың мемлекеттік және ұлттық мүдде тұрғысынан маңызы зор. Бүгін «Ауыл ел бесігі» жобасына ұлттық жоба мәртебесін беру туралы жақсы ұсыныс айтылды. Бұл бастаманы орынды деп қабылдаймыз. Ұлттық жоба осы бағыттағы мәселелерді кешенді түрде шешуге, ауылға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды жүйелеуге мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы