422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабарға» 25 жыл: өңірлер тынысы

  • 118
  • UPD: 20:06, 23.10.2020

Алапат өрт, су тасқыны, жойқын жарылыстың ортасынан жұртқа ақпарат тарататын «жаңалықтың жауынгерлері» кейде өз басын қауіп-қатерге тігіп жатады. Эфирде «жылт» ете қалатын екі минуттық сюжеттің ішінде қаншама еңбектің жатқанын бірі білсе, бірі біле бермес. «Хабар» Агенттігінің аймақтағы тілшілері 25 жыл ішінде қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді қалт жібермей, ел өңірлерінен жедел ақпарат таратумен келеді.

«Хабар» агенттігінің алғашқы тілшілер қосыны Ақмола облысында ашылып, оған Сайын Есмағи барады. Кейін Оңтүстік өңірде Қалыбек Атжан, Батыста Бақыт Жаншаева жұмысқа кіріседі. Осылайша аз уақытта меншікті тілшілер еліміздің барлық өңірінен хабар тарата бастайды. 

Агенттік құрылған алғашқы күннен бастап жұмыс істеген ардагер журналистердің бірі Тілеуғабыл Мыңжасар. Қарымды қаламгердің көтерген мәселелері ешқашан елеусіз қалған емес. Айталық, Шелек ауданынан жасаған репортаждан соң 600 ана балаларына тиесілі жәрдемақысын алған. Әйгілі «Тақиялы Періште» киносының басты кейіпкерін көрермендермен қайта қауыштырған да осы ағамыз. 

Тілеуғабыл Мыңжасар, ардагер журналист:  

- Журналистік ізденістің арқасында тауып, халықтың өзімен қауыштырдым ғой. Сол кезде өте жақсы қабылдады халық бұл кісіні. Содан бұл кісінің халық арасындағы абыройы одан әрі аспандап, кинода көрген бір бөлек, оның отбасындағы жағдайларды білгеннен кейін бұл кісіге деген құрмет еселеніп артты. Сөйтіп, біздің репартаждан кейін бұл кісіге мәдениет қайраткері деген атақ берілді.   

Ал Абай елінен ақпарат тарататын Болат Көкенай 20 жыл ішінде 6 мыңнан астам сюжет жасапты. Өңірдегі өзекті тақырыптарды қаузап, қоғамның үнін билікке жеткізіп, қаншама мәселенің оң шешілуіне түрткі болған. Бұған қоса әлемнің бірнеше елінде тарихи сәттердің куәсі болып, ақжолтай хабарды елге алғаш сүйіншілеген де осы азамат. 

Болат Көкенайұлы,  меншікті тілші:

- Әлемде тек 2-3 мемлекетте кездесетін қарағайлы орман дейміз, Ертіс бойындағы, соның мәселелері, кезінде көп өртеніп, жойылып кетті. Солардың қайтадан қалпына келтірілуіне Хабар тілшілерінің де үлесі жоғары болды. Шекаралық аудандарды аралап, олардың да мәселесін көтере білдік. Және сол көтерілген мәселелер биыл шешімін тауып, бірнеше шекаралық аудандарға қаражаттар бөлініп, үлкен жобалар қолға алынып жатыр. 

Кез-келген сюжеттің сәтті шығуы тілшіге ғана емес, телеоператордың шеберлігіне де тікелей байланысты. Бейнекадрларды сөйлететін сондай мықты маманның бірі Солтүстік Қазақстан облысындағы Төлеген Иманов. Ол 20 жыл ішінде режиссер, монтаж инженері, тіпті тілші де болып тікелей эфирге бірнеше рет шыққан. Телевизия жан-жақтылыққа үйретті дейді.   

Төлеген Иманов, «Хабар» Агенттігінің телеоператоры:

- Дайын материалды жіберерде біраз қиындықтар болатын. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ. Кассеталарды Алматыға пойызбен, ұшақпен жіберетін едік. Ал қазір, техника мен технологияның дамыған заманы ғой. Қарапайым телефонның көмегімен тікелей эфирге шыға береміз.

Қазір медиа саласы жылдан жылға түрленіп келеді. Ақпараттық технология қарыштап даму үстінде. Арнамыз да бұл көштен қалмай, көрерменнің сұранысына сай сапалы дүниелерді ұсынып отыр. Бұл ретте аймақ тілшілерінің үлесі сүбелі екені даусыз.

Авторлар: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы