420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда жаңа мешіт ашылды

  • 156
  • UPD: 21:23, 23.10.2020

Талдықорғанда 3 мың адам еркін сиятын үлкен мешіт ашылды. Құлшылық орны Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының қолдауымен салынды. Қайырымдылықты дәріптеп, игі істердің басынан табылатын қор соңғы үш жылда Жетісу өңірінде үш мешіт тұрғызып берген.

Талдықорғанның кіре берісінен бой көтерген жаңа «Тәубе» мешіті қаланың ажарын аша түсті. Сәулетті ғимарат биіктігі 40 метр болатын қос мұнарадан тұрады. Күмбезінің биіктігі 10, диаметрі 18 метр. Құлшылық жасаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Барлық бөлменің едені жылытылады. Ауаны тазартып тұратын озық үлгідегі жүйе жүргізілген.

Ермек Келемсейіт, қала тұрғыны:

- Біріншіден, Талдықорғанның ажарын ашатын үлкен трассаның бойында. Екіншіден, бұл маңда 600 отбасы отырады. Жастары бар, басқасы бар. Сол балаларға осындай мешітке деген мұқтаждық болуы мүмкін еді. Бұл нағыз Жетісу халқына, Талдықорған жұртшылығына үлкен құрмет, жақсы сый болды.

Бұл мешітті салуға жергілікті тұрғындар тартылған. Ғимарат құрылысына да отандық өнімдер қолданылған екен. Қазір құрылыс толық аяқталды. Құлшылық етушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық санитарлық талаптар сақталған. Мешіттің ашылуына арнайы келген Бас мүфти мен демеушілер өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап шықты.

Наурызбай қажы Тағанұлы, бас мүфти:

- Студенттерге арналған жатақхананы көрдік. Қандай керемет. Жағдай жасалған екен. Жастар еліміздің болашағы, олардың дені сау болса, білімі мықты болса, Құдай қаласа, еліміздің келешегі мықты болады. Жастар орталығына барып, бүкіл этностармен, Ассамблея мүшелерімен кездестік. Ұлтаралық, дінаралық татулыққа да үлкен мән беріліп жатыр екен.

Болат Назарбаевтың қайырымдылық қоры 2016 жылы құрылған. Сол уақыттан бері өңірдің руханиятының дамуына үле қосып келеді. Алматы облысында 350 орын, ал Алматы қаласында 1 мың адам сиятын мешіт салып берген. 

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы