425,82 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысының халқы «Орталық-Батыс» жолының бағытын өзгертуге қарсы

  • 570
  • UPD: 22:11, 23.10.2020
Қостанай облысының халқы «Орталық-Батыс» жолының бағытын өзгертуге қарсы

Жаңадан салынатын «Орталық-Батыс» күре жолының бағытын өзгертуге Торғай өңірінің халқы түбегейлі қарсы. Қазақстандағы биоалуандықты сақтау қауымдастығы  автомагистраль Торғай даласы арқылы өтсе, киіктердің өсімі күрт төмендейді деп мәлімдеген. Бірақ осы жолдың салынуын ондаған жылдар бойы күткен жергілікті жұрт мұндай уәж мүлде қисынсыз деп есептейді. 

Кезінде 40 мыңға жуық адам мекен еткен Жангелдин ауданында қазір 15 мыңға жетер жетпес халық тұрады. Бұл өлкеден елдің үдере көшуіне бірінші себеп жердің шалғайлығы, сапалы жолдың жоқтығы. Ал «Орталық-Батыс» дәлізі осы өңір арқылы өтеді дегенде жергілікті жұрттың қуанышында шек болмаған. 

Әділ Саматов,  Тасты ауылының тұрғыны:

- «Орталық-Батыс» жолы өңіріміздің, Қазақстанның дамуына үлкен серпін береді. Экономика дамиды, кәсіпкерлік дамиды.

Бірақ республикалық биоалуандықты сақтау ұйымы күре жолдың Жантеке, Арқалық, Торғай-Ырғыз арқылы өтуіне қарсы. Олардың айтуынша көліктердің толассыз ағыны киіктердің миграциясына кері әсер етіп, өсімін азайтады. Бұрын отар-отар қоймен далада бірге өрген киік, жол салынса құриды деу ақылға сыймайды, дейді жергілікті жұрт. Ақбөкенге қамқорлық «Алтын Дала» резерватына зымыран қалдықтарын құлатуды тоқтатудан, браконьерлермен күресті күшейтуден басталуы қажет.

Мұхтар Қоденов, Амантоғай ауылының тұрғыны:

- Салынған жолдан киік өтпейді, киікке зиян деген жалған сөз. Олар шын табиғатты қорғайтын болса, 1981 жылы млн жуық киік өлді, кейінгі кездерде де солай өлді. Соның себебін анықтасын. Ол киіктер анық жолдан өлген жоқ.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі иинспекциясының аталған міселені зерттей бастағанына екі жыл болды. Автобанның құрылыс жобасына қатысты олар өз ұсыныстарын да жеткізіпті.

 Мұрат Байділдин, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- 12 көлік тас жолын салу бойынша бізге жоба келіп түсті. Сол жобаға біз инспекция тарапынан киіктердің көшіп-қону жолы болғандықтан осы жол салған кезде киіктерге өткелдер салсын деп кеңес бердік. Олар жобаны келісуін жолдаған кезде арнайы киіктерге, елді мекенді жерлерде малдардың өтуіне әдейі өткелдер салу жоспарланған оларда.

Жалпы «Орталық-Батыс» магистралының жалпы ұзындығы 1300 шақырымға созылады. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы Торғай мен Ырғыздың арасын жалғаудан бастап, 2025 жылы толық аяқтау жоспарланған.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы