425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар» Агенттігінің ардагер қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

  • 153
  • UPD: 23:07, 23.10.2020

«Хабар» Агенттігінің 25 жылдығына орай біздің ұжым өз ардагерлерін ұмыт қалдырмады. Арнамызда көп жыл қызмет етіп, оның дамуына өз үлесін  қосқан  кәсіби мамандардың дені бүгінде зейнетте. Агенттіктің бастауында тұрған, оның негізін қалаған ардагерлерімізге алғыс айтып, әрқайсысын жеке-жеке құттықтап қайттық. Бір сөзбен айтқанда, үлкенге құрмет көрсету кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деген ниетімізді білдірдік.

Алматы облысының меншікті тілшісі болған Тілеуқабыл Мыңжасарды танымайтын қазақ кемде-кем шығар. Оның көркем тілімен өрілген  репортаждарында Жетісу өңірінің мыңдаған мәселесі көтеріліп, өз шешімін тапты. Сонау 1975 жылдан бастап телевизия саласында еңбек етіп келген ардагер журналист, «Хабар» Агенттігінің бастауында тұрған білікті маманның бірі.

Тілеуқабыл Мыңжасар, «Хабар» Агенттігінің ардагер журналисі:

- Агенттік құрылардың алдында бізді басшылық 6 адамды арнайы Англияға оқуға жіберді. Сол жақта біз барып, жаңалықтар қызметіменен танысып, оқыдық. Халықаралық сертификат алдық. Жаңалықтар қызметінің журналисі деген. Сөйтіп біз Еуропалық әдістерді, мынау жаңалықтарды жасаудың сондай тәсілдерін оқып үйрендік.

Ал, ардагер оператор Марат Қырықбаевты көрермен жүзбе-жүз танымаса да, оның есімін жақсы біледі. Тәуелсіз еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаларды таспаға түсіріп, шынайы тұрмыс-тіршілігімізді көрсеткен оның көптеген бейнекөріністері «Хабардың» алтын қорынан орын алды. Алғашқы кезде екі бейнетаспамен, 4 телеоператор жұмысқа алындық. Ал 25 жылда мен  бармаған ел, баспаған тауым қалмаған шығар, дейді ол.

Марат Қырықбаев, «Хабар» Агенттігінің ардагер операторы:

- «Хабардың» арқасында мен ел үшін, тіпті әлем үшін маңызды сәттерге алғашқылардың бірі болып куә болдым. Әсіресе, 53 елдің президентті жиналған БҰҰ-ның жиынына қатысып, олармен бір қонақ үйде тұрғаным есімнен кетпейді.  Маргарет Тэтчермен, Америка құрама штаттарының президенті болған Джорд Буш үлкенмен де жүзбе-жүз кездесіп, олардың біздің Елбасымен кездесулерін таспаға түсіргенімді   мен бақытты сәттерімнің бірі деп санаймын.

- Мерейтойлық алғысқа  ие болғандардың бірі-Аманбекова Рыскүл Шораханқызы. «Хабар» арнасының бағдарламалар дирекциясында бас редактор қызметін атқарып,   зейнетке шыққан кәсіби маманның Агенттіктің дамуына қосқан үлесі оразан. Арнадан көрсетілген барлық қазақтілді бағдарламалар алдымен  Рыскүл Шораханқызының  сүзгісінен өтетін.  Ондағы тіл тазалығын, тақырыптың ашылуын, оның шынайы шығуын Рыскүл Шораханқызы қадағалады.

Рыскүл Аманбекова, ақпарат саласының үздігі:  

- 25 жыл деген бұл жігіттің жасы. Нағыз іс істейтін, нағыз творчествалық шыңдалған кезеңі. Осы кезең әрі қарай да жалғаса берсін, шыңдала берсін. Осы біздің арнаға өмірін арнаған ардагерлердің барлығын бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтаймын. Және арнаға тілейтінім, бұдан әрі де «Хабар» жасай берсін, өзінің халыққа беретін жақсы туындыларын ұсына берсін. 

Мереке күні «Хабар» Агенттігінің дамуына өз үлесін қосқан ардагер маманның ешқайсысы ұмыт қалмады. Олар салған сара жолды одан әрі жалғастыратын кейінгі буын өкілдеріне, жас журналистерге тек сәттілік, толағай табыс тілейміз! 

Алуа Маханбет, Кенже Амраев, Радик Жақұпов

Хабар 24 телеарнасы