422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ковидтің» кезекті толқыны болған жағдайда бірнеше өңір дәріден тарығуы мүмкін

  • 197
  • UPD: 23:21, 23.10.2020
«Ковидтің» кезекті толқыны болған жағдайда бірнеше өңір дәріден тарығуы мүмкін

Елде коронавирустың екінші толқыны бола қалса, бірнеше өңірдегі емдеу мекемелері дәрі-дәрмектен тапшылық көруі мүмкін. Бұған бірқатар облыстардағы препараттар қоймасын тексерген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті мен арнайы мониторингтік топ өкілдері көз жеткізді. Олар қордан қауіпті індетке қарсы қолданылатын кейбір дәрілерді мүлдем таппаған.

Мұнайлы өңірде қауіпті індетке қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жоқ. Бұған «СҚ-Фармацияның» облыстағы қоймасын тексерген  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары көз жеткізген. Препараттар қаладағы №3 емхана мен кардиологиялық орталықта да жетіспейтіндігі анықталып отыр. Ал жауапты ұйым өкілдерінің  айтуынша, шаһарда болуы қажет дәрі қоры көрші облыста сақталған. Вирус жайлай бастаса, тез алдыруға мүмкіндік бар.

Айдос Мамыт, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- СК Фармация өкілінің ақпаратына сай, барлық біздің Атырау облысына тиесілі дәрі-дәрмектің бәрі Ақтөбеде орналасқан. Қазіргі таңда «СК Фармация» өкілдерінің айтуы бойынша осы аптаның соңына дейін сол қоймаларды торлтырамыз деген уәде берген болатын. Қаншалықты уәдеде тұратынын келесі аптада барып, тағы мониторинг жасайтын боламыз.

Елдің батысындағы төрт өңірге қажетті дәрі-дәрмек қоры шынымен де Ақтөбеде жасақталған. Алайда мұндағы қоймадан да коронавирусты емдеуге керек негізгі препараттың бірі табылмады. Көршілес аймақтарды екі айлық дәрілік заттармен қамтуы тиіс хаб жұмысынан кемшіліктер тапқан қоғам белсенділерінің күманы басым болды. Олардың сұрақтарына жауап берген қойма қызметкерлері қолда бар заттың нақты көлемінде айта алмады. Ал, осы жерден ауруханаларға таратылатын 37 дәрі-дәрмек түрінің төрт емдеу мекемесіне толық көлемде жеткізілмегені белгілі болды. Дегенмен, бүгін «СҚ-Фармацияның» қоймасына тағы бірнеше жүк көлігімен препараттар жеткізілді.

Нұрлан Жұбанышев, «СҚ-Фармация» ЖШС өкілі:

- Қоймада болмағанымен ол дәрілер партиясы келгенін, емдеу мекемелерінің сұранысымен таратылды біріншіден. Қазір екінші партия келгенде осы айда толтырып қояды қайтадан.

Тексеру жұмыстары Шым қалада да жүргізілді. Белгілі болғаны, дәрі-дәрмектің екі айлық қор бар ал, таралуы қатаң бақылауда. Дегенмен, мониторингтік топ өкілдері бұған толық сенбеді. Төрт сағаттан астам уақыт ішінде олар барлық препарат түрлерін тізімге қарап санап, тексеріп шықты.  Суық тию, тұмау және COVID-19 емдеу кезінде қолданылатын дәрілерді көрді. Енді жақын арада емханалар мен ауруханалар да қамтылады. Содан кейін ғана шаһардың індеттің екінші толқынына дайын екендігі белгілі болмақ.

Талғар Серікбаев, ҚР СЖҚІҚ Агенттігінің шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Шамамен 700 млн теңгеге дәрі-дәрмек алынған. Ол осы Ковидке қарсы дәрі-дәрмектер. 30-35 атауы бар сол дәрілердің осы қоймада бар жоқтығын біздің қызметкерлер анықтайтын болады. Гуманитарлық көмек келіп жатыр шетелден. Сол көмектің тікелей ауруханаға жетуін одан ары қарай сатылмауын бақылап отырмыз. Әрбір қорапқа, тауарға тегін деген мөр басылады. Ол сатылмау үшін.

Қауіпті вирусқа қарсы жасақталған қор мен емдеу мекемелерінің әзірлігі енді жиі бақыланатын болады. Қоғам белсенділері аудандардың да қам-қарекетін білмек.

Аймақтардағы тілшілердің көмегімен Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы