425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жаңаөзенде коронавирусты анықтайтын зертхана ашылды

  • 147
  • UPD: 09:18, 24.10.2020

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында коронавирусты анықтайтын зертхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді ПТР тест тапсыру үшін облыс орталығына сабылмай, тез арада нәтижесін алуға мүмкіндік туды. Мұнда тәулігіне 200-ге дейін тест сынамасын тапсыруға болады. Сондай-ақ қаладағы көпбейінді аурухана мен мұнайшылар емханасы күрделі жөндеуден өтіп, емхана провизорлық стационарға айналды.

ПТР зертханаға Алматыдан медициналық жабдықтар әкелінді. Бүгін-ертең монтаждау жұмыстары басталады. Бір аптадан кейін толық іске кіріседі. Мұнда 4 мың адамға ковидті тексеретін реактивтер де келді. Бұл жұмыстарға демеушілер есебінен 89 миллион теңге бөлінген. Зертханада тәулігіне 200 ге дейін тест сынамасын тапсыруға мүмкіндік бар. Аталған орталықтың ерекшелігі тек коронавирусқа қарсы тест жасалмайды. Өзге де медициналық талдамалар жүргізіледі.

Зейнеп Төлеубергенова, зертхана меңгерушісі:

- Біз ковид кезінде қатты қиындық көріп қалдық. Себебі анализдер 2-3 күндеп келеді. Қазір аппаратты бастасақ, 1 күнде нәтижесін беруге дайын боламыз.

Бір аптадан соң Жаңаөзенде провизорлық стационар ашылады. Бұрынғы мұнайшылар емханасы күрделі жөндеуден өткізіліп, 70 төсек қойылды. Енді бұл жерде вирусқа шалдыққандар емделеді. Орталық компьютерлік томографиясы, рентген аппараты, орталықтандырылған оттегі, төсек мониторларымен жабдықталған. Реаномобиль мен медициналық персоналды тасымалдауға арналған автобусы да бар. Орталықтың ашылуына 1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар қалалық көпбейінді ауруханаға да жөндеу жүргізілді. 45 оттегі нүктесі тартылды. Енді баллонды тасымай-ақ перзентханаға, терапиялық корпусқа инфекциялық ауруханаға және жансақтау бөліміне-ақ оттегі тетіктерін алуға мүмкіндік бар.

Аталған аурухана жанынан биыл кардиоорталық ашылған болатын. Орталық білікті мамандармен қамтылып, қазір күрделі операциялар жасала бастады.

Сәнім Танаева, қалалық денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі:

– Науқастарымызды бұрынғыдай санавиация арқылы жолдамамен жіберуді қазір тоқтаттық. Қазір өзіміздің дәрігерлеріміз көмектерін көрсетіп отыр.

Қаладағы туберкулез ауруханасында да күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жаңаөзенде бұл аурудың азаюына байланысты жедел-жәрдем станциясы екі айдан соң сол ғимаратқа көшеді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта жедел жәрдем станциясында 14 көлік бар, 10 бригада жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы бірнеше жаңа реанимобиль келеді деп күтілуде.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы