422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында күріш алқабының көлемі ұлғайып келеді

  • 185
  • UPD: 22:17, 24.10.2020

Түркістан облысында күріш ору науқаны қыза түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл өңір диқандары 3800 гектар алқапқа күріш еккен. Қазір әр гектардан 70 центнерден өнім алып, 30 мың тонна дәнді қамбаға құйып үлгерді. Әсіресе, шардаралық диқандар соңғы жылдары күріш өсіруге ерекше ден қойған. Биыл 1420 гектарға тұқым сеуіпті. Күндіз-түні алқап басында жүрген шаруалардың тынымсыз тіршілігі жайында тілшіміз айтсын.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Шардаралық шаруа Рахымберді Айтмырзаев – Кеңес дәуірінен бері күріштен қол үзбеген санаулы азаматтың бірі. Байырғы диқан тәуелсіздік жылдары өз алдына жеке шаруашылық құрған. Содан бері жыл сайын егістік көлемін кеңейтіп келеді. Иелігіндегі 70 гектар жердің 51 гектарына элиталық «Лазер» тұқымын сепкен. Диқан қазір дақылдың әр гектарынан 75-80 центнерден өнім алуда.

Рахымберді Айтмырзаев, шаруашылық басшысы:

- Биылғы жылы ауа райы күріш дақылына өте бір қолайлы жыл болды. Сондықтан өнім өте жоғары, жақсы. Қазір енді 30 гектарын ордым, 20 гектардай қалды. Орақтың басталуында 7-8 күн дән қырманда жайылады. Ол әбден кепкеннен кейін қоймаға құямыз. Ары қарай 1 ай шамасында дирменге саламыз.

Ала жаздай тер төккен шаруалар қазір дәнді дақылды қара суық пен жауынға ұрындырмай жинап алу үшін уақытпен санаспай еңбек етуде. Күріштен күмбез тұрғызған диқандар үшін күздің әрбір ашық күні алтынмен пара-пар. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, күріштен мол табысқа кенелген кәсіпкердің бірі – Ержан Қарабаев.

Ержан Қарабаев, өндірістік кооператив төрағасы:

- 700 гектарға дейін биыл күріш ектік. Былтыр екі комбайн алдық, биыл тағы бір John Deere комбайнын алдық. 1 апта болды бастағанымызға жиын-терімді. Бүгінгі таңға 500 тоннаға дейін жинап қойдық. Жоспар бойынша 4-5 мың тоннаға дейін жинаймыз деген ойымыз бар.

Шардаралық диқандар соңғы жылдары күріш өсіруді мықтап қолға алған. Мәселен, өткен жылы аудан шаруалары 1350 гектар алқапқа күріш ексе, биыл оның көлемін 1420 гектарға жеткізген. Мұнда негізінен күріш дақылын өсірумен Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата және Алатау батыр ауылдық округінің диқандары айналысады.

Талғат Әлімқұлов, Шардара аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша егілген күріштің 96%-і орылып, бүгінгі таңға 9743 тонна өнім алынды. Былтырғы жылмен салыстырғанда күріш егу көлемі 75 гектарға артты. Келесі жылы біз 1560 гектар жерге егуді жоспарлап отырмыз. Орақ науқаны аяқталғанша күріштен 10 мың 100 тонна өнім алу күтілуде. Ауданда жиналған күрішті көрші Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларына өткізіп жатырмыз.

Шағалалы өңірден бөлек, облыстағы Мақтаарал мен Жетісай аудандарында да күріш шаруашылығы жақсы дамыған. Биыл Түркістан облысының диқандары 3 мың 800 гектар алқапқа күріш дақылын екті. Бүгінгі таңда әр гектардан 70 центнерден өнім алып, 30 мың тонна өнім жинау жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы