425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда үшем Отан алдындағы борышын өтеп жүр

  • 184
  • UPD: 09:28, 25.10.2020

Оралда ақтаулық үшем Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Ағайынды Ақарыс, Бекарыс және Жанарыс Зеккеновтер жергілікті қорғаныс істері департаментінен өздерін бір әскери бөлімге жіберуін сұраған. Құзырлы орган олардың өтінішін құп көрді. Қазір үшем-сарбаздар құқықтық тәртіп әскерінің қатарында. 

Көктемгі әскерге шақыру кезінде ақтаулық үшем 5517 әскери бөліміне жіберілді. Ағайындылар бір взводқа түсті. Әскери құрылым оларды айырмас үшін осындай шешім қабылдаған. Үшем-сарбаздар көшеде қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде де әрдайым бірге жүреді. Сарбаздар сыңарларын үнемі іздеп тұратындарын айтады. Біреуі ауырып қалса, қалғандары да сырқаттанатын көрінеді.

Ақарыс Зеккенов, сарбаз:

- Біздер бөлектеніп кетсек, мысалы, мынау ауырып қалады екінші інім. Одан кейін мен ауырамын келесі күні. Сондай күндер туып тұрады. Ондай күндер полигонда да болған. Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір еркектің міндеті ол, ерлік.

Үшем мектепте, тіпті колледжде де бірге оқыған. Олар спортты серік етіп келеді. Үшеуі де жекпе-жек түрлерімен шұғылданады. Байрақты бәсекелерде талай мәрте топ жарды.

Жанарыс Зеккенов, сарбаз:

- Каратэ киокушенкайға қатысқаныма 9 жыл болды. Екі рет Қазақстан чемпионатын алдым. Бұйырса, барғаннан кейін жалғастыратын ой бар қайтып.

Спортпен айналысқан олар үшін әскери сынақтарды тапсыру қиын бола қоймаған. Зеккеновтер темірдей тәртіпке тез үйренісіп кеткендерін жеткізді. Ал әскери бөлім басшылары мен жауынгерлер үшін үшемдерді ажырату оңай емес. Ағайындылардың түр-сипатымен қатар мінез-қылықтары да өте ұқсас екен.

Жәнібек Сәрсенов, 5517 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Бөлімнің тарихында егіздер болған, бірақ үшем тұңғыш рет болып жатыр. Үшеуі де жақсы қызмет атқарып жүр. Үшеуінің де қызмет көрсеткіштері жақсы оқу жағынан, спорт жағынан. Үшеуі де спортқа қатысқан. Ату жағынан өздерін жақсы көрсетті.

Үшем-сарбаздар болашақты әскери қызметпен байланыстырады. Қорғаныс саласында абыройлы қызмет атқару – ағайындылардың ортақ арманы.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы