423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қоғамдық көліктер қалай дезинфекцияланады?

  • 202
  • UPD: 19:14, 25.10.2020

Елордада бүгін қоғамдық көлік қатынаған жоқ. Карантин талаптарына сәйкес автобустарға бір күн кешенді зарарсыздандыру жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жолаушы тасымалына жауапты мекемелер қазір өздеріне қарасты көлік жуу бекеттеріне санитар мамандарды шақырып, осы жұмыстарды атқарып жатыр.

Жалпы қалада ұзын саны 700-ден астам автобустың іші-сырты тұтастай тазаланады.

Әділхан Байтемиев – 35 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы жүргізуші. Еліміздің бас шаһарындағы қоғамдық көлікті басқарғанына да 6 жылдан асты. Күнделікті автобус желісіне шығар алдында, көлігін мұқият техникалық тексерістен өткізіп, өзі де тиісті медициналық сынақтан өтеді. Індет тараған тұста, талап тіптен күшейген. Бірақ карантин кезінде бар жұмысқа шүкіршілік етіп келеді.

Әділхан Байтемиев, №1 автопарк жүргізушісі:

– Карантин кезінде біраз адам қиналып қалған жағдайлар болды. Біз маскамызды тағып жүрміз. Қолымызда қолғап, дезинфекция жасалып жатыр. Антисептигіміз бар. Қолды жуып, тазалап отырамыз.

Тазалық демекші, пандемияға байланысты қоғамдық көліктегі қауіпсіздік қазір басты назарға алынып отыр. Таңғы алтыдан түнгі 11-ге дейін жұмыс істейтін автобус жүргізушілері көлігін тұраққа қалдырмас бұрын, оны мұқият дезинфекциядан өтуін қадағалайды.

Гауһар Ағажаева, эпидемолог-дәрігер:

– Дезинфекция жүргізген кезде, автобустың іші тұтас залалсыздандырылады. Сондай-ақ көлікті жуғаннан кейін тағы бір тазартылады. Әдетте мұндай дезинфекциялау кезінде хлор ерітіндісі қолданылады.

Естеріңізге салсақ, шаһардың бас санитар дәрігерінің қаулысымен әр жексенбі сайын қоғамдық көлік қатынасына тыйым салынған. Есесіне, бұл күні залалсыздандыру жұмыстары қызу жүргізіледі.

Авторы: Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы