422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында 3 мыңнан аса тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген

  • 197
  • UPD: 19:21, 25.10.2020

Жыл басынан бері Павлодар облысында 3 мыңнан аса тұрмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 52 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аймақта отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жаңа жоба жүзеге асып жатыр. Мақсат – ұрыс-керіске байланысты қатаң шара қолданбай, істі бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік жасау дейді мамандар.

Бұл – отбасында ойран салып, шаңырағының берекесін ұшырып жүрген батырлар. Жақындарынан полицияға ай сайын шағым түседі. Ауыр қылмыс жасамайды. Сондықтан 5 әрі кетсе 15 тәулікке қамалады. Бірақ одан сабақ алып жатқандар некен-саяқ.

Психологтар дау-жанжалдың себебін іздейді. Тренинг барысында әр қатысушының пікіріне құлақ асып, мәселені жұдырықпен шешуге болмайтынын түсіндіреді. Ер адамдардың кейбірі осындай күйге әйелдің кесірінен түскенін айтады.

Марина Стрелковская, әлеуметтік-психологиялық бейімдеу орталығының директоры:

– Ер адамның ішкілікке салынуы екі жақты түсініспеушіліктен де туындайды. Алдымен жүйке жүйесі сыр береді. Ол күш көрсету, қол жұмсау сияқты қатігездіктерге апарады. Бұл жерде балалар зардап шегеді. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оны қайткен күнде де шешуіміз керек.

Марина Стрелковская «Дағдарыс» орталығын басқарады. Тұрмыс тауқыметін тартқан талай нәзік жанға қолдау көрсетті. Бұл мекеменің сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Осында тұрып жатқан Кристина Герасимова Бакуден келген. Балалар үйінде тәрбиеленген Павлодардың тумасы ата-енесінің қорлығына төзе алмапты.

Кристина Герасимова, қала тұрғыны:

– Басында бәрі жақсы болды. Кейін балаларыма күн көрсетпеді. Аулаға шығуға тыйым салды. Үнемі кемсітіп, ұрыса беретін. Мен туған жеріме кетуге бел будым. Үшінші балама аяғым ауыр еді. Соған қарамастан екі баламды жетектеп ақпан айында жолға шықтым. Он күн дегенде әзер жеттім. Бұл жерде бізді жақсы қарсы алды. Өте ризамын.

Кристина үшінші перзентін дүниеге әкелді. Екі баласы балабақшаға барып жүр. Бұл орталықта қазір жиырмаға жуық әйел балаларымен тұрып жатыр. Жалпы тұрғындар арасындағы ұрыс-керіс қауіпті вирус дендеген кезде көп тіркелген.    

Қайыров Жасқайрат, облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Біздің мақсатымыз – хаттама толтырып, бәрін бірдей түрмеге жабу емес. Тұрмыстық қылмыстың алдын алып, отбасын сақтап қалу. Осы бағытта қоғамдық бірлестік өкілдерімен, психолог мамандармен көп жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюдың кешенді жобасы жүзеге асып жатыр. Бүгінгі таңда 200-ге тарта отбасына әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетілді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы