423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО: індет басылмаған өңір келесі толқынға дайындалып жатыр

  • 251
  • UPD: 20:18, 26.10.2020

Індет жұқтыру дерегі саябырсымай тұрған Шығыс Қазақстанда екінші толқынға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Бұрын Үржар ауданының тұрғындары сапалы медициналық ем-дом алу үшін Аягөзге немесе Семей, Өскемен қалаларына сабылатын. Енді қауіпті індетпен күреске қосымша қаражат бөлініп, 500 миллион теңгеге компьютерлік томография, оттегі станциясы алынды. Жыл соңына дейін Үржарда ПТР зертханасын ашу көзделіп отыр. 

Таскескен ауылы бұрынғы аудан орталығы. Сондықтан мұндағы амбулаториялық емхананың аймақтық мәртебесі бар. Ол Сағат, Қарақол, Шолпан, Алтыншоқы, Тасбұлақ сияқты елді мекендердегі 10 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетеді. Жақында мұнда рентген аппараты сатып алыныпты. 11 оттегі концентраторы мен дәрі-дәрмек қорын жасақтауға жергілікті кәсіпкерлер қолғабыс берген. 

Серікқали Еңсебаев, Таскескен аймақтық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері:

- Коронавирус инфекциясына қарсы дайындығымыздың өзі өте жоғары деп айта аламын. Себебі әрбір амбулаторияда мобильдік топтар жұмыс істеп жатыр. Бір дәрігер, екі мейірбике және де оларға бекітілген автокөлік бар. Күнделікті олар өзіне бекітілген участоктарды аралап, бізге статистикалық бөлімге ақпарат беріп отырады. Пневмониямен ауырған адам жоқ, ОРВИ-мен бірен-саран адамдар ауырып жатыр, ешқайсысында ауру асқынған жоқ. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Құны 7 жарым миллион теңге болатын мына модульдық ғимарат дәрігерлердің 14 күндік карантин кезіндегі қызметіне арналған. Мұның ішінде дәрігерлерге барлық жағдайлар қарастырылған. Міне жататын орын, тамақ ішетін бөлмесі, тіпті жуынатын орнына дейін бар. Ал құрал-жабдықтар бір аптаның ішінде келеді деп жоспарланып отыр. 

Аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөлімінде жұқпалы дерт асқынған жағдайда 30 төсек дайын тұр. Облыстық бюджеттен 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, жаңадан құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Қазір оларды орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Ақан Қасымбеков, Үржар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұл оттегі станциясынан минутына 250 литр оттегі бөлініп шығады. Мұнымен 50 науқасты оттегімен қамтамасыз ете аламыз. Бұған өкпені жасанды желдету аппаратын, 50 аппаратты қосуға болады. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Бұл тек індетке емес, халыққа басқа кездерде де қолданысқа күнделікті беріліп отырады. Оттегімен қамтамасыз етіп отырамыз, өкпе демікпесі, тағы да басқа өкпе ауруларының барлығына күнделікті қолданыста болады.

Мекеменің үнемделген өз қаражатына бірталай ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, медициналық қызмет сапасы жоғарылаған. Соңғы 3 жылда 17 маман білімін жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан шыңдалыпты. Жоспар бойынша жыл соңына дейін ПТР зертханасы да іске қосылмақшы. Яғни тұрғындар анықтама қағаз алу үшін алысқа сабылмайды.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы