424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Отандық кәсіпкерлер шопандарды шетелден іздестіріп жатыр

  • 145
  • UPD: 21:02, 26.10.2020

Шығыс Қазақстанда малшы тапшы. Қой өсірген кәсіпкерлерді бұл мәселе әбден тығырыққа тіреген. Сондықтан мал иелері шетелден шопан іздеуге мәжбүр. Зайсан ауданында байыс қойын өсірген Жеңісбек Кәрібаевтың айтуынша, қой шаруашылығын дамытуға деген жаңашыл көзқарас жоқ. Ата кәсіпті жалғастыруға ниет танытқан жандар да аз. Егер жағдай дәл осылай жалғаса берсе, төрт түліктің бірін қызыл кітаптан іздеп кетеміз дейді шаруа.

Байыз таппай байыс қойын өсіріп жүрген Жеңісбек Кәрібаевтың қорасында бастапқыда 75 бас мал болса қазір оның саны 5,5 мыңнан асып кеткен. Кеңес кезіндегі есеппен бұл 10 отар қой екен. Бұл көрсеткішті 10-15 мыңға дейін жеткізуге болар еді дейді зейнеткер. Алайда шаруаны мандытпай тұрған мәселе көп. Соның ең өзектісі – бақташы тапшылығы. Қожалықтар елден мал бағатын адам таппай, шетелден іздеп кеткен. 

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Күні бүгінге дейін малшы жоқ, он малшы керек он табынға, қазір үш-ақ табынға бөліп жайып отырмыз. Тіпті анау Ауғанстан, Пакистан шет елдерден де алдыртайық, алыс шетелден мамандарды алдыртайық, шақыртайық. Мен қазақпын деп мынадай қойшы айтып тұрса, мен қуанар ем, амал қанша сондай қойшы таппай, қырғызды әкелдім. 

Жәнібек қарияның сөзінің жаны бар. Өткен жылы амалдың жоқтығынан Қырғызыстаннан 7 адам алдыртып, мал қаратыпты. Ал биыл карантиндік шектеулерден ол азаматтар шекара аса алмай  қалған. Сөйтіп, қазір 8 малшының орнында бар-жоғы үшеу жүр. 

Мейрамхан Мақатай, малшы:

- Төрт маусымда да өстіп, міне қыс болса да, жаз болса да осылай мал бағып жүреміз, қиын, қиын болғанымен аттың үсті. 

200-300 мың теңгеден еңбекақы беріліп, сыйақы ұсынылса да мәселе шешілер емес. Өйткені жалпы қой шаруашылығы жетімсіреп қалды, оны зерттеп, зерделеп жатқан жан көрмедім дейді кәсіпкер. 

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Онымен айналысатын не өнеркәсіп, не ғылым жоқ, не басшы жоқ, ойламаңыз біреуді жамандап отыр деп мен әбден жаным қиналғаннан кейін бір жерге жете ме деген үмітпен айтып отырмын. Біз енді болашақта осы кеіппен бара беретін болсақ,мына малды кейін қызыл кітаптан іздеп қалсақ, Қазақстанда ол сүйекке таңба дейді қазақ. 

Мал өсірсең қой өсір,табысы оның көл көсір.Асыл тұқымды байыс қойы тіпті ерекше, баққанға береке береді дейді қожалықтағылар.Суыққа төзімді, қыс бойы тебіндеп жайылады,сондықтан үнемі еті дәмді,жүні жұмсақ,терісі мықты.Әсіресе өсімталдығы ерекше көрінеді. Көбіне егіз қозылайды. 

Құмар Молданбаев, мал дәрігері:

- Төлдеу кезінде бірінші екінші күні жақсы қараса болды, ешқандай қиындық көрсетпейді,қозылары сондай сергек,тез аяқтанады,малдың өзіне ілесіп кетеді. 

Сала басшыларының  айтуынша, қой шаруашылығының мәртебесі көтеріліп, онымен әркім қорықпай айналыса алатындай жағдай жасалуы керек.

Владимир Гайламазян, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қанша жоғары еңбекақы төленсе де жалдамалы бақташы болып баруға ешкім келісе бермейді. Алдымен қой шаруашылығының мәртебесін көтеру қажет. Онымен айналысқысы келген азаматқа  жер жекеменшікке берілуі тиіс, шаруасына серпін беру үшін жеңілдіктер де жасалу керек. Фермер тек өзі қожайын болуы керек. Сол кезде ғана алдындағы малды бағуға қызығушылығы оянады. 

Малшы тапшылығы бір проблема болса, қойдың жүні мен терісін өткізу тағы бір төбе мәселе.Ал байыс қойының  ақ жүні айырықша.Түйенің шудасындай.Ұзындығы  кейде40-45 см-ге дейін жетеді.Түтіп,жуған соң аппақ мақтадай майда болып шыға келеді.Одан Жеңісбек қарияның жұбайы шұлық,шәлі тоқып сатылымға шығарып отыр.Көп мөлшері Семейдегі киіз басу комбинатына жөнелтіледі.Дегенмен дәл осы жүн,тері қабылдау шаруасы да құлдырап кетті дейді мұндағылар. 

Сәбира Кәрібаева, кәсіпкер:

- Тапсыратын жер жоқ.Қашанғы өзіміз істей береміз,іске аспай жатқан шаруа бірақ келешек жастар бұған көңіл бөлмейді. 

Қысқасы, қой шаруашылығына тек қой бағу деп қана емес, толық бір ғылым ретінде қарайтын кез келді деп шырылдайды қожалық өкілдері.

- Бұл қазақтың қойы, әрбір қазақтың қорасы толуы керек осы қойға, сонда ғана ол қазақ. 

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы